Биылғы бес айда елордада 12 мыңнан астам нәресте дүниеге келді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері астанада 12 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«1 маусымдағы есеп бойынша Нұр-Сұлтан қаласы халқының саны 1 262 280 адамды құрады. 2021 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда елордалықтар саны 59 619 адамға көбейді. Биылғы 5 айда Нұр-Сұлтан қаласында 12 052 нәресте дүниеге келді. Былтырмен салыстырғанда өсім 1,5 пайызға артты», - деп мәлімдеді Ұлттық статистика бюросы.
Бұдан бөлек, бюро бас шаһардағы көші-қон деректерімен де бөлісті. Оған сай, қаңтар-мамыр аралығында Нұр-Сұлтанға 54 863 адам келіп, 42 048 елордалық көшіп кеткен.
Еске салайық, жыл басынан бері Қазақстанға 6 мыңнан астам адам көшіп келген.