Биылғы білім беру қарсаңында 10204 білім беру мекемелерін қысқы жылу беру маусымына дайындау жоспарланған - С.Нокин
АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылғы білім беру қарсаңында 10204 білім беру мекемелерін қысқы жылу беру маусымына дайындау жоспарланған. Бүгінде олардың 4800-ден астамы дайындықтан өтті. Осы жайында бүгін Үкімет отырысында алдағы жылу беру маусымына дайындық бойынша баяндама жасаған Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.
Оның айтуынша, білім беру мекемелерінің орташа дайындық деңгейінен Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қызылорда облыстары мен Астана қаласы алда келе жатыр.
Дайындықтың төменгі деңгейі ОҚО және ШҚО-да, сондай-ақ Алматы қаласында тіркелген.
Мұнымен қоса, республика бойынша жылу беру маусымына дейін 7195 денсаулық сақтау нысандары дайындықтан өтуі тиіс. Қазіргі кезде оның 4459-ында тиісті дайындық жұмыстары іске асырылған.