Биылғы бірінші тоқсанда Израиль 50 млн. доллар сомасында Қазақстан мұнайын импорттады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың бірінші тоқсанында Израиль 50 млн. АҚШ доллары сомасында қазақстандық мұнайды импорттады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Израиль мемлекетіндегі Елшісі Дулат Қуанышев мәлім етті.

«2016 жылдың бірінші тоқсанында Израиль 50 млн. АҚШ доллары сомасында қазақстандық мұнайды импорттады. Менің ойымша, биыл біз өткен жылдың көрсеткішінен айтарлықтай асып түсеміз»,-деді Елші.

ҚР СІМ мәліметіне қарағанда, Израиль өз газ кен орындарын ашуы себепті Қазақстан мұнайының импортын қысқартты. Бұл екіжақты тауар айналымы көлемін төмендетті.

«Бұған дейін қазақстандық мұнайды жеткізу көлемі, яғни 2014 жылы рекордты деңгейде болды. Бұл көрсеткіш ақшалай мәнде 1,4 млрд. доллардан астам қаржыны құрады»,-деді Д. Қуанышев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Израильге мұнай жеткізуші негізгі елдер ретінде Ресей, Әзербайжан және Қазақстан белгілі болып отыр.

ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2016 жылдың бірінші тоқсанында Израиль 50,6 млн. доллар сомасына қазақстандық мұнайдың 186,9 мың тоннасын импорттады. Бұл көлем 2015 жылдың сәйкес кезеңінде Қазақстаннан сатып алған мұнайдан 8,4 есеге артық.  

Соңғы жаңалықтар
telegram