Биылғы бюджетте 3,2 млрд теңгеге 15 ДШСК салу қарастырылған - Спорт комитеті

Бүгін Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мәлім етті.
«Аталған қажеттілікті қамтамасыз ету үшін кезең-кезеңімен дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін (ДШСК) салу жоспарланған. Олардың құрылысы республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылады (сәйкесінше, 70% - республикадан, 30% - жергілікті бюджеттен)»,-деді комитет басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, 2014 жылғы бюджетте 3 млрд 287 млн теңгеге 15 ДШСК салу қарастырылған және бұл жұмыстар Республика бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірігіп жүргізілуі керек.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Ведомстволық статистикалық есептілікке сәйкес, олардың саны жыл сайын артып, қазіргі таңда 34 мың спорттық ғимаратқа жетті, оның 22 мыңы ауылдық жерлерде жұмыс істейді.