Биылғы егін орағы науқаны қиынға түседі - ҚР АШМ

АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Биыл егін орағы науқаны қиынға түседі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

Биылғы егін орағы науқаны қиынға түседі - ҚР АШМ

«Астық шығымдылығы жақсы болатыны көрініп тұр, сондай-ақ оны оны ору науқаны оңайға түспейтін секілді», - деді министр. Осы орайда ол ауа райының ылғалды болуына байланысты астықтың пісіп-жетілуі мерзімі созылатынын айтып өтті.

«Қазіргі кезде ылғалдың көп болуы кері әсер етуде. Енді, ауа райы тұрақтанып, астық шығыны барынша төмен болады деп үміттенеміз»,-деді ведомство басшысы.

Сөз соңында А. Мамытбеков егін орағы науқаны қарсаңында барлық жабдықтар, оның ішінде астық кептіретін құрылғылар толық әзірлікте тұруы үшін жаздың басында министрлік ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді ескерткенін сөз етті.

Айта кетейік, жақында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өмірияев бүгінгі күнге 67 пайыздан астам егістік жақсы, 30 пайыздан астамы қанағаттанарлық жағдайда тұрғанын, осыған байланысты жалпы 16,3 млн. тонна таза салмақта астық жинау болжанып отырғандығын айтқан болатын.