15:14, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Биылғы қаңтар айында еліміздің өңдеу өнеркәсібінде өндіріс 12 пайызға төмендеді
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылғы жылдың қаңтар айында еліміздің өңдеу өнеркәсібінде өндіріс 12,4 пайызға төмендеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған басты себеп ретінде тау-кен кешеніндегі жағдай, яғни әлемдегі автомобиль жасау мен құрылыстың басқа да салаларындағы құлдырау әсер етіп отыр.
Атап айтқанда, тау-кен кешенінің үлесіне өңдеу өнеркәсібі көлемінің 40 пайызы тиесілі.
Министрдің сөзіне қарағанда, биылғы жылғы ақпанның 14-індегі жағдай бойынша республикада жұмыстарын жартылай немесе толықтай тоқтатқан 283 кәсіпорын бар. Бұларда 141 мыңнан астам адам қамтылған болатын. Оның ішінде 60 мыңы жұмыстарын жалғастыруда. 42 мыңы жұмыспен жартылай қамтылғандар, ал толық емес жұмыс күнімен 26 мың жұмысшы еңбек етеді. Сонымен қатар 11 мың адам демалысқа жіберілген. Есепті кезеңде 824 жұмысшы жұмыстан босатылған.
Қазіргі кезде еліміздің 3 мың 280 кәсіпорнымен жұмыс орнын сақтау жөнінде аймақтық деңгейде меморандумдарға қол қойылғанына тоқталған В. Школьник, бұл кәсіпорындарда 760 мың адам жұмыс істейтінін атап өтті. Министрдің айтуынша, қабылданған міндеттемелер бойынша мониторинг жүргізілуде және осы бағытта кәсіпорындардың 97 пайызы бұл міндеттерді орындап келеді.