Биылғы қаңтар-қарашада бөлшек сауда көлемі 4427,8 млрд. теңгені құрады - ҚР Статистика агенттігі
АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2013 жылғы қаңтар-қарашада бөлшек сауда көлемі (қоғамдық тамақтандыру айналымынсыз) 4427,8 млрд. теңгені құрап, 2012 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 12,6% өсті. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінің мәліметінде хабарланды.
Сонымен қатар аталған мерзімде көтерме сауда көлемі 12203,6 млрд. теңгеге жетіп, былтырғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 12,5% артты.
«2013 жылғы қаңтар-қарашада тамақ өнімдері мен сусындарды ұсыну бойынша қызметтер көлемі 208,1 млрд. теңгені құрады және 2012 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 7,2% өсті», - делінген агенттік мәліметінде.
Бұған қоса, 2013 жылғы қаңтар-қарашада «Сауда» саласы бойынша нақты көлем индексі 112,6%-ды құрды.
Атап айтқанда 2013 жылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 108519,8 млн. АҚШ долларын құрап, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,5% аз, оның ішінде экспорт - 69066 млн. АҚШ долларын (4,9% аз), импорт - 39453,8 млн. АҚШ долларын құрады (5,1% өсті).