Биылғы қаңтар-қыркүйектегі бөлшек сауда көлемі 4 179,9 млрд. теңгеге жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы қаңтар-қыркүйектегі бөлшек сауда көлемі өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 12,2 пайызға жоғарылап, 4 179,9 млрд. теңгеге жетті. Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
Белгілі болғандай, 2014 жылғы қаңтар-қыркүйекте сауда кәсіпорындары арқылы тауарларды өткізу көлемі 2013 жылғы осы кезеңге қарағанда 2 270,4 млрд. теңгені құрады немесе нақты мәні 15,1 пайызға артық.
«2014 жылғы қаңтар-қыркүйекте базарлармен және жеке кәсіпкерлермен сауда көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты мәні 9,1 пайызға жоғарылады, аталған өткізу арнасының үлесі бөлшек сауданың жалпы көлемінде 45,7 пайызды құрады»,- делінген комитет мәліметінде. Бөлшек сауда құрылымында азық-түлік емес тауарлар басым (бөлшек сауданың жалпы көлеміне 65,4%). Азық-түлік емес тауарлардың бөлшек саудада өткізілуі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға өсті, азық-түлік тауарлар - 10,4 пайызға ұлғайды. Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі аса жоғары үлес салмақты 2014 жылы қаңтар-қыркүйекте республикада Алматы қаласы (27,6%), Астана қаласы (10,5%) және Қарағанды облысы (9,6%) қамтыды.