Биылғы қаңтарда Қазақстанда инфляция 0,3% құрады
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - 2012 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасындағы инфляция 0,3% құрады.
ҚР Статистика агенттігінің мәліметінше, баға азық-түлік тауарларына өткен айда 0,5 пайызға, азық-түлік емес тауарларына - 0,3 пайызға, ақылы қызметтерге - 0,1 пайызға өсті.
Өткен айда бағаның жоғарылауы етке, жұмыртқаға 1,4 пайыздан, жаңа жиналған жемістер мен көкөністерге - 1,1 пайызға, балық және теңіз өнімдеріне - 0,8 пайызға, мал майына - 0,6 пайызға, сүт өнімдеріне, тоқаш және ұннан дайындалатын кондитерлік өнімдерге - 0,5 пайыздан, алкогольді ішімдіктерге - 0,4 пайыз деңгейінде тіркелді. Бағаның төмендеуі жармаларға 4,4 пайызға, қантқа, ұнға - 2,1пайыздан, күнбағыс майына - 1,5 пайызға, картопқа - 0,5 пайызға, күрішке - 0,3 пайызға, макарон өнімдеріне - 0,2 пайызға белгіленді.
Баға қатты отынға, шыны және қыш бұйымдарына 0,7 пайызға, киім және аяқ киімге, жеке күтімге арналған тауарларға - 0,5 пайызға, фармацевтикалық өнімдерге - 0,3 пайызға, жуғыш және тазалағыш құралдарға - 0,2 пайызға өсті.
Баға деңгейі денсаулық сақтау, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру қызметтеріне 0,8 пайызға, мәдениет - 0,5 пайызға, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары - 0,4 пайызға жоғарылады, алыс қашықтыққа қатынайтын жолаушылардың темір жол көлігі 1,2 пайызға төмендеді.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағасының индексі (ТБИ) халықтың жеке тұтыну үшін сатып алатын тауарлары мен қызметтері бағасының өзгеруін көрсетеді. Тауарлар мен қызметтер жиынтығына 508 ұстаным кіреді. Бағаны тіркеу меншіктің түрлі нысандарындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктеме жүйесі бойынша барлық облыс орталықтарында, Астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгіленген шеңбері бойынша жүргізіледі.