Биылғы қарашада қазақстандықтардың шетел валютасына сұранысы артты

АСТАНА. ҚазАқпарат – АҚШ доллары бойынша сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді болуына байланысты 2022 жылғы қарашада теңгенің биржалық бағамы 1 АҚШ доллары үшін 458,62–468,90 теңге аралығында өзгеріп отырды.

Биылғы қарашада қазақстандықтардың шетел валютасына сұранысы артты

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, 2022 жылғы қарашада квазимемлекеттік сектордың валюталық түсімін сатуы (500 млн АҚШ доллары) және Ұлттық қордан трансферттерді жүзеге асыру үшін аздап шетел валютасын конвертациялау (70 млн АҚШ доллары) валюта нарығындағы ұсынысқа қолдау көрсетті. Ұлттық банктің валюталық интервенциялары жүргізілмеді.

Теңге – доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 19,2%-ға ұлғайып (ж/ж 17,7%-ға төмендеу), оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі а/а 20,6%-ға өсіп, ж/ж 21,1%-ға төмендеді. Халық тарапынан шетел валютасына сұраныс артты. 2022 жылғы қарашада шетел валютасын нетто-сатып алу а/а 20,3%-ға өсіп, 223,5 млрд теңгені құрады. Бұл ретте жылдық мәндегі нетто-сатып алудың жалпы көлемі айтарлықтай дәрежеде АҚШ доллары мен Ресей рублін нетто-сатып алудың төмендеуі есебінен 48,2%-ға төмендеді.

Шығыстардың негізгі көлемі 91,6% немесе 204,6 млрд теңге – АҚШ долларын, 1,3% немесе 3,0 млрд теңге – Ресей рублін және 7,0% немесе 15,6 млрд теңге – еуроны сатып алуға бағытталды. Қарашада Ресей рубліне сұраныс ұсыныстан сәл асып түсті, ал айына рубльді нетто-сатып алу 2,3 есе (ж/ж 30,1) төмендеді.

«Валюта түрлері бойынша бөлгенде АҚШ долларын нетто-сатып алу бір айда 24,2%-ға өсті (төмендеу – ж/ж 30,8%), еуроны нетто-сатып алу 14,6%-ға өсті (төмендеу – ж/ж 3,0 есе)»,-делінген Ұлттық банктің хабарламасында.