Биылғы қазанда Қазақстан Республикасындағы инфляция 0,7 пайызды құрады
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Өткен айда елімізде бағалар азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға 0,6 пайызға, ақылы қызметтерге 0,9 пайызға өсті.
Бұл жайында ҚР Статистика агенттігінің мәліметтерінде айтылды.
Өткен айда бағаның жоғарылауы жұмыртқаға 5,8 пайызға, макарон өнімдеріне - 2,1 пайыз, ұнға - 2 пайыз, күнбағыс майына - 1,4 пайыз, кофе, шай және какаоға - 0,9 пайыз, сүт өнімдеріне - 0,7 пайыз, тоқаш және ұннан дайындалатын кондитерлік өнімдерге, етке және құс етіне - 0,5 пайыз, балық және теңіз өнімдеріне, кондитерлік өнімдерге - 0,4 пайыз, күрішке, жаңа жиналған жемістер және көкөністерге - 0,3 пайыз және нанға - 0,2 пайызға белгіленді.
Бағаның төмендеуі қантқа 1,9 пайыз, картопқа - 0,9 пайыз, жармаларға - 0,4 пайызға тіркелді.
Баға қатты отынға 1,6 пайыз, газеттер және мерзімдік басылымдарға - 0,7 пайызға, киім және аяқ киімге, жеке күтімге арналған тауарларға - 0,5 пайызға, тұрмыстық тоқыма бұйымдарға, жуғыш және тазалағыш құралдарға - 0,3 пайызға өсті.
Дизель отыны 5 пайызға, бензин - 2,5 пайызға қымбаттады.
Баға деңгейі көлік қызметтерінде 1,9 пайызға, білім беруде - 1,4 пайыз, мейрамханалар мен қонақ үйлерде - 1,1 пайызға, шаштараздар және жеке қызмет көрсету орындарында - 0,9 пайызға, денсаулық сақтауда - 0,5 пайызға, демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласында - 0,3 пайызға өсті.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер орталық жылытуға, тарату желілері бойынша тасымалданатын газға 2 пайыздан, қоқыс жинауға - 0,6 пайызға, ыстық суға - 0,5 пайызға, электр энергиясына, тұрғын үйді күтіп ұстауға - 0,3 пайызға жоғарылады.