14:00, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Биылғы көктемгі егіс науқанында 17,8 млн. гектарға дәнді-дақылдар себіледі - А. Күрішбаев
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Биыл еліміздегі көктемгі егістің жалпы ауданы 17,8 млн. гектарды құрайды. Оның 13,3 млн. гектарына бидай егіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Басымдық берілген дақылдар егілетін егіс алаңдары кеңейтілетін болады. Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда бақша дақылдарының ауданы - 8 мың гектарға, қан қызылшасының алаңы 0,6 мың гектарға ұлғаяды. Егер көп жылғы орташа шығымдылыққа қол жеткізетін болсақ, онда тұтастай алғанда жоспарланып отырған егіс алаңдары ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерімен ішкі рыноктың сұранысын толық қанағаттандыратын болады», - деді отырыста А. Күрішбаев. Оның айтуынша, астық дақылдарын экспорттау бойынша былтырғы жылға жетеқабыл көрсеткішке қол жеткізу көзделіп отыр. «Егіс жұмыстарын дер кезінде және сапалы жүргізуге ағымдағы жылы барлық мүмкіндік бар. Ауылшаруашылық тауарын өндірушілер түгелдей қажетті тұқымдармен қамтамасыз етілді», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 336 мың тонна дизель отыны қажет. Бұл үшін облыстарды мұнай өңдеуші зауыттарға бекітіп беру жөніндегі өткен жылдың тәжірибесі қолданылады. «Ғалымдардың болжамына қарағанда, биыл былтырғыға қарағанда ауа-райы қолайлы болады. Бұл жақсы егін алудан үміттенуге негіз бола алады», - деді ол.