Биылғы көктемгі егіс жұмыстарына жанармай құны нарықтық бағадан 13 пайызға төмен болады
АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат - 2013 жылы көктемгі егіс жұмыстарын өткізуге ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отынының құны нарықтық бағадан шамамен 13 пайызға төмен болады.
Бұл жөнінде бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстардың әкімдіктерімен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дизель отынына қажеттілік шамамен 360 мың тоннаны құрап отырғанын анықтаған екен.
Министрдің айтуынша, жеңілдікті жанармаймен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге дизель отынының бағасы нарықтық құнына қарағанда төмен болады. Өткен ведомствоаралық комиссияда жанар-жағармайды нарықтық бағаға қарағанда 13 пайызға төмен деңгейде жеткізу шешімі жасалған.
ҚР Мұнай және газ министрлігімен мұнай өңдеу зауыттарына бекітілген облыстар тізімдерінің жобасы мен көлемі келісілді.