Биылғы ҚР чемпионатында әлем және Олимпиада чемпиондарын көруіміз мүмкін
Қазақстан бокс федерациясынан мәлім еткендей, биылғы ел біріншілігінде кез келген боксшы бақ сынай алатындығын мәлім етті. Жарысқа Гамбургте өткен соңғы әлем чемпионатында топ жарған Қайрат Ерәлиев те қатыспақ. Боксшылар қазір демалыстарын аяқтап, жаттығу жұмыстарын пысықтап жатқаны айтылады.
Осы орайда айта кетейік, өткен жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы атанған Данияр Елеусінов жақында ұлттық құрамаға қайта оралатыны туралы мәлім еткен болатын. Демек, соңғы Олимпиада ойындарынан кейін көрінбей кеткен Елеусіновті, кәсіпқой бокста екі рет бағын сынап көрген Жәнібек Әлімханұлын және Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері атанған Әділбек Ниязымбетовтарды ел біріншілігінде қайта көруіміз мүмкін.
Боксшылар үшін Қазақстан чемпионатында топ жару - қашан да маңызды. Себебі, ел біріншілігінде бақтары жанған боксшылар Ұлттық құрамаға қабылданып, елдің іші-сыртында өтетін басты додаларда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады. Сондықтан, еліміздің Астана, Алматы қалаларынан бөлек, 14 облыстан жиналатын боксшылар ел чемпионы атану үшін барын салары анық.
Айта кетейік, бокстан Қазақстан біріншілігі 5-12 қараша күндері аралығында Шымкентте өтеді.