Биылғы күзде Қарулы Күштер қатарына 12 мыңнан астам жас шақырылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы күзде ҚР Қарулы Күштерінің қатарына 12 мыңнан астам жас шақырылады, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінен.
«1 қазанда Қазақстан Қарулы Күштерінің бөлімдері мен құрамаларын жас буынмен жасақтау бойынша медициналық және шақыру комиссиялары жұмысын бастады. Биылғы күзде ҚР Қарулы Күштерінің қатарына 12 мыңнан астам жас шақырылады. Әскери бөлімдерге іріктеу және бөліп тарату кезінде жастардың әскер қатарына шақырылғанға дейін алған мамандықтары ескерілетін болады», делінген хабарламада.
Сондай-ақ онда күзгі әскер қатарына шақыру «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға және Мемлекет басшысының ҚР азаматтарын 2014 жылғы сәуір-маусым және қазан-желтоқсанда мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы Жарлығына сәйкес жүргізілетіні хабарланған.