Биылғы қыстың 20 күнінде қар құрсауынан 900-ден астам адам құтқарылды
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Биылғы қыста көктайғақ, боран және төмен температураның салдарынан республикалық жолдарды жабу туралы шаралар 104 рет қабылданды.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті апаттық құтқару қызметі күштері мен құралдары басқармасының сарапшысы Үміт Алданбергенова айтты.
«Қараша, желтоқсан айдарында «Қазгидромет» РМК еліміздің орталық, Солтүстік және Шығыс өңірлерінің барлық облыстарында ауа райы жағдайының күрт нашарлауына байланысты 11 мәрте ескерту жариялады. Көктайғақ, боран және төмен температура салдарынан бірқатар облыстарда 104 рет автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалысы шектелді», - деді ол.
Белгілі болғандай, осы жылғы қыстың 20 күнінде ҚР ТЖМ құтқарушылары қар құрсауынан 943 адамды құтқарып, 146 автокөлікті эвакуациялады.