Биылғы Медиа форумда Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуінің мән-маңызы қаралады - Бас редактор С.Сраил
/strong>Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Алдағы Еуразиялық Медиа форумда қазіргі кездегі ғаламдық қауымдастықты алаңдатып отырған мәселелер қаралады. Бұл жайында «Жас қазақ» газетінің Бас редакторы Смаил Сраил бүгінгі өткен баспасөз мәслихатында айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, «Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуінің мән-маңызы» тақырыбының көтерілуі Қазақстан мен Еуразия құрлығы үшін өте маңызды, сондықтан бұл тақырыпты айналып өту мүмкін емес. Сонымен қатар, «Иран ядролық бағдарламасы бойынша жұмыстың жандануы және нәтижесінде Тегеран мен Батыс арасындағы саяси қарым-қатынастың ұшығуы» тақырыбы да қаралмақ. Редактордың айтуынша, бұл тақырып бұдан бұрынғы Медиа форумдарда да көтерілген. Биылғы шара барысында Батыс пен Шығыстың арасындағы келіспеушіліктер, эконмомикалық қана емес энергетикалық, діни мәселелер қаралмақ.
Сондай-ақ ол «БАҚ-тың белгілі оқиғалар мен құбылыстарға сындарлы әрі жауапкершілікпен үн қатуы» тақырыбы да бүгінгі болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарға байланысты көтеріліп отырғандығын жеткізді. «Мысалы, Иранда өткен сайлаудан кейін біраз толқулардың болғаны белгілі. Сол кезде біздің ақпарат құралдарымыз батыстық басылымдарға сүйеніп ақпарат берді. Онда билік жазықсыз шеруге шыққандарды басып-жаншып отыр деген болатын. Ал енді Иранға көршілес елдердің таратқан мағлұматына қарасақ, бұл шеруді Батыстағы белгілі бір ұйымдардың ұйымдастырып, қолдау көрсеткені айтылады. Көбінде ықпалды топтар белгілі күштерді қаржыландырып, өз мүдделеріне пайдаланып кетеді. Сондықтан БАҚ-тың осындай оқиғалардың ақ-қарасын ажыратуын көздейміз», дейді С.Сраил.
Сонымен қатар ол «Интернет аумағы және БАҚ бостандығын реттеу» және «Саяси имидж мәселесі» тақырыптары да биылғы конференция жұмысында қаралатындығын айтты.