Биылғы мол астық далада қалмайды - ҚР АШМ

АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде еліміздің оңтүстік өңірлерінде астық жинау аяқталғанымен, солтүстік өңірлердегі астық беретін негізгі облыстарда орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Атап айтқанда, биылғы жыл аса жауын-шашынды болғандықтан, шаруалар егіс алқаптарында орақтарын екі аптаға кеш сермей бастады.

Биылғы мол астық далада қалмайды - ҚР АШМ

Дегенмен де бүгінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 65 пайыз алқапта астықты жинап үлгеріпті. Осы орайда бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков егін орағы науқаны жайында егжей-тегжейлі баяндап берді.

Айта кетейік, 2013 жылы еліміздегі барлық егіс алқаптарының аумағы 21,5 млн. гектарды қамтыды. Оның ішінде дәнді дақылдар 15,8 млн. гектарға себілсе, соның 13,1 млн. гектары бидайдың үлесінде.

«21 қыркүйектегі жағдай бойынша дәнді дақылдар 10,3 млн. гектар аумақта жиналды, бұл барлық егіс көлемінің 65 пайызын құрап отыр. Атап айтқанда осы егістік көлемінде 12,6 млн. тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарынан 12,2 центнерді құрады. Бұл өткен жылғы деңгейден гектарына 3,6 центнерге жоғары», - деді министр.

Сонымен қатар бүгінде негізгі астықты аймақтарда, яғни Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында дәнді дақылдардың 65 пайызы жиналған екен.

Қазіргі кезде неғұрлым төмен өнімділік Ақтөбе (гектарынан 5,4 центнер), Батыс Қазақстан (6,9 центнер) облыстарында байқалуда. Осындай көрсеткіштер бұл аймақтардағы ауа райының жағдайларына байланысты болып отырған көрінеді. Ал Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жазғы бидай мен арпаны жинау толығымен аяқталды.

Биылғы астықтың шығымдылығы бойынша түзетулер жасалғандығына тоқталған министр, биыл қамбаға 18,5 млн. тонна астық түседі деген болжам жасалғандығын жеткізді.

«Осыны ескере отырып, экспорттық әлеует те сәйкесінше біршама артатын болады», - деді ол.

Осы орайда министр экспортқа болжанған көлемнің барлығын сатуға толық кепілдік жоқ екенін, яғни бұл тұрғыда сұраныс пен елімізден астықты дәстүрлі сатып алушылардың мүмкіндігіне байланысты екенін атап өтті.

«Мәселен, 2011 жылы біз бункерлік салмақта 30 млн. тоннаға жуық астық бастырдық, алайда 12,5 млн. тоннасын саттық. Ішкі қажеттілік 7-8 млн. тоннадан аспайды. Біздің жоспар бойынша экспорт деңгейі орташа көлемнен сәл жоғары болады, яғни 9-9,5 млн. тонна шамасында», - деді А. Мамытбеков.

Ведомстао басшысының пайымынша, биылғы астықты сақтау бойынша проблемалар туындай қойған жоқ. Биыл астық сақтау қоймаларының сыйымдылығы жоспарланған өнім көлеміне сай келеді. Сондықтан осы жылы сақтау қоймаларының жетіспеушілігі бойынша проблемалар байқалмайды. Қазіргі уақытта өндірілген 12 млн. тоннадан астам астықтың тек 2 млн. тоннасы ғана элеваторлар мен астық сақтау қоймаларына жеткізілді. Қалған астық құрғақ болуына байланысты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қоймаларында және қырмандарда сақталуда.

«Қазіргі кезде елімізде сыйымдылығы 14 млн. тоннаға жуық астық қабылдау кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардың саны бүгінде 214-ке жетті. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінде өздерінің 11 млн. тоннаға дейін астық сақтау сыйымдылықтары бар. Яғни, бұл Қазақстанда жалпы 25 млн. тонна көлемінде астық сақтау қоймалары бар екенін көрсетеді», - дейді министр.

Жалпы министрліктегілер нарықтағы астықтың бағасын «өте жақсы» деп бағалауда. Бұл тұрғыда ағымдағы жылы астықтың бағасы жақсы болғандықтан «Азық-түлік корпорациясы» шаруалардан бидайды мүлдем сатып алмауы да мүмкін екен. Естеріңізде болса, соңғы 4-5 жылда «Азық-түлік корпорациясы» астық нарығын тұрақтандыру мақсатында аталған сатып алуларды жүзеге асырып келеді. Министрліктің пайымынша, биыл нарықтағы жағдай мемлекеттік органдардың белсенді араласуын қажет етпей отыр, себебі нарықтағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімді қалыпта.

«Қазіргі уақытта үшінші сыныпты астықтың орташа бағасы тоннасына 27-28 мың теңгені құрап отыр. Бұл біздің болжаған көрсеткіштен әлдеқайда көбірек. Сондықтан қазіргі кезде «Азық-түлік корпорациясының» сатып алу акциясын ашуға сәл ертерек болуда. Атап айтқанда, бүгінде жиналған 12,5 млн. тонна астықтың элеваторларға тек 2 млн. тоннасы жеткізілді», - деп тоқталған министр: «Біз бұл жағдайға белсенді түрде мониторинг жүргізудеміз. Қазіргі уақытта элеваторларға астық көп жеткізіліп жатқан жоқ. Экспорт жүріп жатыр, сонымен қатар ішкі қажеттілік те бар, сондықтан нарық тиісті теңгерімді ұстап отыр. Бірақ бұл теңгерім астық бағасының төмендеуіне қарай бұзылатын болса, онда кез келген уақытта «Азық-түлік корпорациясы» өзінің сатып алу акциясын бастауға дайын болады. Жылда бұл акцияны «Азық-түлік корпорациясы» қыркүйектің басында бастайтын еді, бірақ та биыл егін ору науқаны екі аптаға кешірек басталды», - деді.

«Азық-түлік корпорациясы» астық сатып алу акциясын қашан бастайды?» деген сауалға А. Мамытбеков: «Осы сатып алулар биыл мүлдем қажет болмауы мүмкін. Өйткені нарықтағы тоннасына 27-28 мың теңге - бұл өте жақсы баға. Бірақ қысқа мерзімде баға төмендесе, онда аталған сатып алулар басталады», - дейді ведомство басшысы.

Мұнымен қоса биыл нан бағасының жоғарылауына алаңдауға негіз жоқ екен. Атап айтқанда бүгін АШМ басшысы осыған сендіріп бақты. Мәселен, бұған дейінгі жылдары астықтың тоннасы 300 АҚШ долларына (45 мың теңге) жетсе, бүгінде оның құны 27-28 мың теңге көлемінде.

«Бұл нанның бағасының өсуіне жол бермес үшін Азық-түлік корпорациясы астықты кезінде белгіленген құнмен жіберген дәл сол деңгей көлемінде. Яғни, корпорация солтүстіктегі элеваторлардан еліміздің барлық өңірлеріне 28 мың теңгеден жөнелткен еді. Бұл тұрғыда нан бағасы қазіргі деңгейдегі межеде сақталған болатын. Сондықтан ағымдағы жылы нан бағасының өсуіне еш негіз жоқ», - деп түсіндірді А. Мамытбеков.