Биылғы Петербор халықаралық экономикалық форумы «Жаңа дәуірдің көшбасшылары» деген ұранмен өтеді
САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. 10 наурыз. ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ - XV Петербор халықаралық экономикалық форумы биыл 16-18 маусым аралығында және «Жаңа дәуірдің көшбасшылары» деген ұранмен өтеді.
Бұл туралы Ресейдің солтүстік елордасында Санкт-Петербор вице-губернаторы Михаил Осеевскийдің жетекшілігімен өткен 2011 жылғы Петербор халықаралық экономикалық форумына дайындық жөніндегі үйлестіру комитетінің отырысында мәлім етілді.
Вице-губернатор аппаратының баспасөз қызметінен хабарлағандай, форумға әлем елдерінен 4 мыңнан астам қатысушы және 1 мыңға жуық БАҚ өкілдері келеді деп күтілуде.
Форумға Испания премьер-министрі Хосе Луис Родригес Сапатероның қатысатыны қазірден мәлім болып отыр. Сондай-ақ азиялық аймақтың бірқатар елдерінің басшылары да Петерборға келу ниеттерін қуаттап отыр.