Биылғы сәуірде Қазақстандағы инфляция 0,3 пайызды құрады
АСТАНА. 2 мамыр. ҚазАқпарат - Өткен айда азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағалары 0,2 пайызға, ақылы қызметтер - 0,5 пайызға артты. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінен хабарланды.
Белгілі болғандай, өткен айда республика бойынша орташа алғанда қызылша бағасы 2,4 пайызға, сәбіз - 2,3 пайызға, жұмыртқа - 1,6 пайызға, қой еті - 0,7 пайызға, картоп - 0,6 пайызға, макарон өнімдері мен балық және теңіз өнімдеріне баға 0,4 пайыздан өсті.
Бұдан бөлек, қияр бағасы 7,1 пайызға, қызанақ - 2,8 пайызға, қарақұмық жармасы - 2,4 пайызға, күнбағыс майы мен пияз - 0,8 пайыздан, қырыққабат - 0,7 пайызға арзандағаны байқалды.
Киім мен аяқкиім және құрылыс материалдары құны 0,3 пайызға, тұрмыстық тоқыма бұйымдары мен фармацевтикалық өнім бағасы 0,2 пайызға артты.
Қалааралық автобуспен жүру құны 1,4 пайызға, денсаулық сақтау қызметтері мен мектепке дейінгі және бастауыш білім беру - 1 пайызға, шаштараз - 0,8 пайызға қымбаттаса, ал алыс қашықтыққа темір жол арқылы жолаушылар көлігімен жүру бағасы 1,1 пайызға арзандады.
Тұрғын үй коммуналдық қызмет саласында салқын су тарифі 4 пайызға, кәріз - 2,7 пайызға, сондай-ақ үйді күту тарифі 1,7 пайызға өсті.