14:12, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
Биылғы шекті тарифтерді Үкімет белгілейтін болады
АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Жаңа заңнамаға сәйкес шекті тарифтерді қолданатын электрстансаларды бірнеше топқа бөлу бағытындағы жұмыс аяқталып қалды.
Бұл туралы бүгін ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің кеңейтілген алқа отырысында ҚР Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы қабылданған «Салалық реттеуіштер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жаңа құжатқа сәйкес электрстансалар өздерінің қуаттылығы мен отын қорларына, орналасқан жерлеріне қарай бірнеше топқа бөлінетін болады. Бүгінде ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бірлескен іс-шаралары барысында осы бағыттағы жұмыстар аяқталып қалды.
«Жоспарға сәйкес, Үкімет электрстансалары үшін 7 жылға шекті тарифтердің деңгейін белгілейді. Ал отандық электр-қуат саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында жыл сайын осы тарифтерге өзгерістер енгізу жоспарланған», - дейді Д.Тұрғанов.