Биылғы шомылу маусымында ШҚО-да 7 адам құтқарылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биылғы шомылу маусымында суға батып бара жатқан 7 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы шомылу маусымында ШҚО-да 7 адам құтқарылды
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жаз басталғалы өңір бойынша 6 адам суға батып кетті. Барлық оқиға шомылуға жабдықталмаған жерлерде болған.

«Қайғылы жағдайлардың негізгі себептері – жүзу кезінде өз күшін асыра бағалау және мас күйде шомылу. Маусым айынан бастап құтқарушылар волонтерлермен және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп, тұрақты түрде профилактикалық рейдтер жүргізуде. Соның барысында 5 мыңнан астам демалушы қамтылды. Азаматтарға су айдындарында жүріс-тұрыс және қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Жаз шыққалы құтқарушылар суға батып бара жатқан 7 адамға көмекке келіп, өмірлерін сақтап қалды», - дейді департамент бастығының орынбасары Арман Тоқанов.


ТЖД қызметкерлері мен полицейлер жағалауларды тексеру барысында 76 құқық бұзушыны анықтады. Оның ішінде 26 адам жалпы су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін, 6 адам су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтамағаны үшін, 34 адам жағалауда алкогольді ішімдіктерді ішкені үшін, 10 адам кемелерді пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.