Биылғы төрт айда 10 мыңға жуық атыраулық Грузияға саяхаттаған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Биылғы 4 айда 10 мыңға жуық атыраулық Грузияға саяхаттаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау мен Грузиядағы Боржоми шаһары бауырлас қалалар атануы мүмкін.

Бұл мәселе Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен Боржоми қаласының мэрі Отар Арболишвили кездесуінде талқыланды.

«Мұнайлы өңірде Грузия Республикасы капиталының қатысуымен 16 кәсіпорын тіркелген. Грузиямен сыртқы сауда айналымы биылғы қаңтар-мамырда 396,9 мың АҚШ долларын құрап отыр. Атырау қаласынан Кутаиси бағытына аптасына 3 әуе рейсі қатынайды. Былтыр Атырау облысынан Грузияға демалу үшін 18 мыңнан астам турист барған. Оның 6 мыңға жуығы «Borjomi Palace» санаторийінде ем алған. Ал, биылғы 4 айда 10 мыңға жуық атыраулық саяхаттаған. Қазір өңірдегі турагенттіктер мен туроператорлар грузиндік әріптестерімен белсенді байланыс орнатып отыр»,-деді Серік Шәпкенов.

Кездесуде тараптар Атырау мен Боржоми қалалары арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықтың, туризм саласының өзекті мәселелерін қозғады.

Боржоми қаласының мэрі Отар Арболишвили өзара байланыс орнатудың маңызына тоқталды.

«Атырау қаласымен бауырластық қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Осы мақсаттағы меморандумға қол қою үшін Боржоми қаласына шақырамын», -деді Отар Арболишвили.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысы мен Ресей арасындағы сауда айналымы 30 млн АҚШ долларына жуықтағанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар