Биылғы үш айда АХАТ органдарында 31,6 мың неке тіркелді - ҚР Статистика агенттігі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы қаңтар-наурызда АХАТ органдарында 31,6 мың неке тіркелді. Бұл туралы бүгін ҚР Статистика агенттігіндегі брифингте осы ведомствоның төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
Оның айтуынша, некелер саны 2013 жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 % азайды. Атап айтқанда, некелесу көрсеткіші жаз және күз айларында айтарлықтай артады. 11,58 мың ажырасулар тіркеліп, олардың саны 0,2% кеміді.
«2014 жылғы қаңтар-наурызда Қазақстанға тіркелген келгендер саны 2013 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 2,3% кеміп, 4 853 адамды құраса, Қазақстаннан кеткендер саны 0,4% кеміп, 4 064 адамды құрады. Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен болуда. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің үлесі, тиісінше, 86,1% және 83,2% құрады»,- деді агенттік басшысы.