Биылғы жарты жылда қазақстандықтарға ұнаған көліктер

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан аумағында 14 660 автокөлік шығарылды. Олардың арасында жеңіл және жүк көліктері, автобус техникасы, арнайы машиналар бар. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биылғы жарты жылда қазақстандықтарға ұнаған көліктер

«Есепті кезеңде Қазақстанда шығарылған көліктердің жалпы құны 88,3 млрд теңгеге бағаланып отыр. Жалпы, жеңіл автомобильдерді өндіру 76,4 пайызға өсіп, 13 725-ке жетті. Оның ішінде 8 573-і «АЗИЯ АВТО» АҚ-ға, ал 5 152-сі «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-ға тиесілі», - делінген таратылған мәліметте.

Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша автобус техникасын шығару екі есеге қысқарса, жүк көліктерін өндіру былтырғы деңгейде сақталды.

Жарты жылда отандық автозауыттар өткізген көліктер 12 851-ге жетіп, бұл көрсеткіш былтырғы деңгейден 66,3 пайызға артық болды.

Белгілі болғандай, жергілікті өндірістің автокөліктерін сатып алуға ел тұрғындары 71,3 млрд теңге жұмсады. Бұл өз кезегінде бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 38 пайызға жоғары.

Бірінші жартыжылдықта Қазақстанда құрастырылған жеңіл көліктердің арасында сұранысқа ие брендтердің бестігіне Lada (5 703 көлік), Hyundai (3 206), KIA (1 248), JAC (642) және Ravon (537) енді. Отандық кәсіпорындар ұсынатын маркалардың тізімінде Chevrolet (463), Skoda (221), Peugeot (104), SsangYong (7 ) бар екенін атап өткен жөн.

Аталғани мерзімде 2 269  автомобильді жеңілдікті автонесиелеу мембағдарламасының қатысушылары сатып алды.