Биылғы Жолдауды дағдарысқа қарсы екінші бағдарлама ретінде бағалауға болады ? Президент Жолдауына қатысты пікірлер

АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бұл келешекке деген сенімнің, халықтың күш-жігерін нығайтатын, елді бірлікке, ынтымаққа, екпінді еңбек етуге шақыратын жолдау болды, - деді ҚазАқпарат тілшісіне Елбасының биылғы Жолдауына байланысты өз пікірін білдірген Мәжіліс депутаты Кенжеғали Сағадиев.
None
None
Депутаттың пайымдауынша, Жолдауда елімізді тығырықтан шығарудың жолдары мен қай салаға ерекше көңіл бөлу қажеттігі айрықша айқын етіп көрсетілген. Бұл бағытта әрине елімізде қыруар шаралар атқарылуы тиіс. Солардың бірі - қоғамдағы өзектілігімен дараланып тұрған тұрғын үй мәселесі. «Қазіргі таңда мемлекетімізде жаңартуды, жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлер мен өзге де нысандар жетерлік. Дағдарыс деп, қол қусырып отыра бергенше, соларды жөндеп, оңды, солын реттеп алған жөн. Осы тектес жұмыстар ауылдық аймақтарда да аз емес. Оның үстіне бұрын қолға алынған жобалар бар емес пе? Мемлекет оларды да назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Айталық қазір еліміздің көптеген аймақтарында инфрақұрылым мәселелері ақсап жатыр. Соларды жүзеге асыру қажет. Бұл тек біздің алдымызға қойған міндет қана емес. Ол дағдарыс кезінде оның салдарымен күресуге, жұмыссыздықтың алдын алуға бағытталған шаралар. Елбасы бүгін Жолдауында осы мәселелерді қадап тұрып айтты. Бүгінгідей қиын-қыстау күндерде халыққа жұмыс тауып беру, олардың жалақысын төлеп, нәпақа табуына жағдай жасау аса маңызды мәселелер. Ал Жолдауда осындай жұмыстардың тетіктері нақты көрсетіліп отыр. Сондықтан бүгінгі жолдауды дағдарысқа қарсы екінші бағдарлама деуге болады. Өздеріңіз куә болдыңыздар, құжатта көрсетілген мақсаттарға мемлекеттен 600 миллиард теңге қосымша қаржы бөлініп, 350 мыңдай адам қосымша жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі» деді депутат. Депутат Ұлттық қордан қосымша қаржы бөлу дер кезінде қолға алынып отырған жүйелі шара екенін айтады. Қазақстанның кіріс көздерінің бірі мұнай мен түсті металдар. Ал бұл ресурстарға деген баға соңғы уақытта күрт төмендеді. Осыдан келіп бюджет қоржынына түсетін әдеттегі қаржының көлемі аздау болып тұр. Енді біз осы ресурстардан келетін қаржыны ұлттық қорға емес, әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыру үшін мемлекет бюджетіне енгізетін болсақ. Бұл өте ұтымды әділ шешім болары сөзсіз. К.Сағадиевтың сөзіне қарағанда, Жолдауда көрсетілген міндеттерге орай алдағы уақытта республика бюджеті қайта қаралуы мүмкін. Ондағы аса мұқтаждықты қажет етпейтін мәселелер кейінге шегеріліп, оның орнына жұмыссыздықпен күрес шарлары мен халықтың тұрмыс деңгейін қалыпта ұстап тұру жұмыстары бюджеттің басым бағыттары ретінде қаралатын болады. Оның үстіне Елбасы Жолдауында 2009-2010 жылдарға арналған әлеуметтік шараларға бөлінген қаржының ешқайсысы да кемімейтіндігін айтты. Осыған орай келесі жылы бюджет қызметкерлерінің жалақылары 25 пайызға өсіп, зейнеткерлердің де қаржылары осынша көлемге ұлғаяды. Ал 2010 жылы осы қаржылар 30 пайызға арттырылмақ. Бұл мәселелердің барлығы да Жолдауда жарқын көрініс тапты. Яғни мемлекет барлық салалар бойынша өзінің қолдауын көрсетіп отыр. «Ал біздің үлкен міндеттеріміз - осы мәселелерді халыққа дұрыс түсіндіру. Өйткені бұлардың барлығы да тек бір ғана адамның қолынан келетін шаруа емес. Оған жалпы ұлты болып ұйысып, халық болып жұмылу қажет. Сонда ғана біз дағдарысты жеңіп шығамыз. Елбасының үлкен әңгімесінің арқауы да осында» дейді депутат. Сонымен қатар, бүгінгідей дағдарыстың уақытша ғана құбылыс екендігін, оның ерте ме, кеш пе, аяқталатындығына тоқталған халық қалаулысы дағдарыс болды екен деп тек бүгінгімен өмір сүре бермей, болашақты да ойлау қажеттігін айтты. Алда Жолдауда көтерілген мәселелердің бірі - егемендігіміздің 20 жылдық мерекесі тұр. Оны ел болып, халық болып атқару қажет. «Қорыта айтқанда, Жолдаудан ұққанымыз - бізге дағдарыс болды екен деп, сары уайымға салына бермей, болашаққа үлкен сеніммен қарау керек. Бізде бүгінгі тығырықтан шығудың барлық мүмкіндіктері бар. Екіншіден барлығымыз жұмылып, дағдарыспен күресуіміз керек. Ауылды өркендетіп, өндірісті жолға қою керек. Бала оқытып, көшені де реттеуіміз қажет. Шаруа жетерлік», деді К.Сағадиев. Ал «Нұр Отан» партиясының хатшысы, саясаттанушы Ерлан Қарин Елбасының Жолдауына байланысты мынадай пікір білдірді. «Елбасының Жолдауындағы маңызды екі мәселені ерекше атап өтуге болады. Біріншіден, әлемдік дағдарысқа қарамастан, мемлекеттің стратегиялық мақсаттары бұрынғысынан айныған жоқ. Яғни мемлекет осыған дейінгі айтқан уәделерін бұлжытпай орындайды. Екіншіден, әрине ағымдағы жұмыстарға дағдарысты ескере отырып біршама өзгерістер енгізіледі. Бірақ әлеуметтік бағыт мүлдем өзгермейді. Президент Жолдауындағы басты ерекшелік - онда болашақта атқарылуы тиіс нақты мәселелер бойынша нақты жұмсалатын қаржының мөлшері көрсетілді. «Мысалы құжатта қаржының басым бөлігі бірінші кезекте тұрғын үй құрылысы мен оған қажетті ауыз су, жылу, кәріздер сияқты мәселелерге жұмсалуы қажеттігі айтылды. Бұл шын мәнінде маңызды мәселе. Өйткені біз жақында ғана аталмыш проблемаға қатысты мониторинг жүргіздік. Оның нәтижесі бойынша бүгін еліміздегі елді мекендердің 70 пайызы осы мәселенің шешілуін қалайтын болып шықты. Екінші маңызды мәселе - Елбасы қаржыны, сондай-ақ әлеуметтік бағыттағы, яғни мектеп, аурухана сияқты нысандарын жаңартуға жұмсау қажеттігін айтты. Үшіншіден, ол жалпы инфрақұрылымдар, яғни жолдарды жөндеу мен өзге де шаралар. Президенттің жолдауынан шығатын қорытынды: мемлекеттің дамуы үшін елдің ішкі резервтері әлі де болса жеткілікті. «Бұл резерв бізге алға жаңа міндеттер қойып, оларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді» дейді партия хатшысы.
Соңғы жаңалықтар