Биылғы жыл біз үшін сот өндірісін дамытудың жаңа кезеңі - ҚР Жоғарғы сот төрағасы М.Әлімбеков

АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан үшін биылғы жыл тарихи, саяси оқиғаларға толы жыл болғалы тұр. Биыл еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын бастады. ЕҚЫҰ-ның басты бағыты адам құқықтары мен демократиялық құндылықтар екендігі баршаға аян. Ал осы адам құқықтарының сақталуы ісіне тікелей араласатын, әділдіктің қалтқысы - сот жүйесінің жағдайы қалай?

Биылғы жыл біз үшін сот өндірісін дамытудың жаңа кезеңі  -   ҚР  Жоғарғы  сот  төрағасы М.Әлімбеков

ҚР Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков тілшіміздің осы және басқа да сауалдарына жауап берді.

- Құрметті Мұсабек Тұрғынбекұлы! Еліміздің сот саласы өткен 2009 жылды қандай қорытындылармен аяқтады?

- Жалпы сот саласының қызметіне келетін болсақ, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер баршылық. Айталық, өткен жылы 2008 жылмен салыстырғанда сот органдарына жолданған қылмыстық істер 7,8 пайызға төмендеді. Қылмыстық істер әкімшілік істердің 27 пайызға кемуі есебінен азайды. Басқаша айтқанда, елімізде көлік жүргізу барысындағы заң бұзу, жол шаруашылығы мен байланыс саласындағы құқықбұзушылықтар айтарлықтай кеміп отыр. Әрине, бұл қуантарлық нәтиже. Меніңше бұл жерде көлік саласындағы құқықбұзушылықтарға қатысты заңнамалардың қатайтылуы үлкен рөл атқарды. Сондай-ақ биыл республика бойынша қарау мерзімі кешіктірілген істер саны небәрі тоғызды құрады. Қылмыстық және азаматтық істер бойынша әділ сот төрелігін қамтамасыз ету жағдайлары 0,1 пайызға ұлғайды. Экономикалық соттардың азаматтық істерді қарау көрсеткіштері артты. Жоғары деңгейлі соттар биыл республика бойынша орта деңгейлі сот өкілдері үкімдерінің небәрі 1 пайызының ғана күшін жойды. Ал 2008 жылы бұл көрсеткіш 1,7 пайыз болатын. Бұл орайда әсіресе, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстық экономикалық соттарының жетістіктерін ерекше атап өту керек. Маңғыстау облысындағы аудандық соттардың біреуінің де үкімі өзгерген жоқ. Меніңше бұл жақсы жетістік.

- Яғни сот саласы өз қызметін 100 пайыз талапқа сай орындады дейсіз ғой ?

- Жоқ, әрине. Бізге өз ісімізді толық талапқа сай орындадық деп кесіп айтуға болмас. Себебі үлкен іс атқарылған жерде кемшіліктердің де болмай қалмайтыны анық. Ал біздің сөз еткеніміз тек сот қызметіне берілген жалпылама түрдегі баға. Ал онда орын алып отырған мәселелердің әрқайсысына нақтылы тоқталатын болсақ, жетістіктермен қатар проблемалар да жеткілікті. Айталық жаңағы біз айтып отырған жетістіктер республикамыздың көпшілігінде орын алды десек, республикада осы талаптардың үдесінен шыға алмай отырған аудандар да бар. Мысалы қазір Алматы мен Астана қалаларындағы аудандардың соттарындағы азаматтық істердің сапасы көңілден шығады деп айта алмаймын. 2008 жылы аталмыш қалалардағы аудандық соттардың шешімдерінің 1,3 пайызының күші аппеляциялық және қадағалау тәртібімен жойылған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1,4 пайызды құрады. Азаматтық істер бойынша әділ сот шешімін қамтамасыз ету көрсеткіштері Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, және Ақмола облыстарында ерекше төмендеп отыр. Ал қылмыстық істерге қатысты жағдай бұған қарағанда сәл де болса тәуірлеу.

Енді аудандық сот туралы әңгіме ете отырып, облыстық соттардың қызметіне тоқталмай кетуге болмас. Себебі олар аудандық соттардың қызметін тікелей бақылайтын құзырлы лауазым иелері. Облыстық сот қызметіне келетін болсақ, өткен жылды олар әділ сот билігін қамтамасыз етуде жақсы жетістіктермен аяқтады. Мысалы, 2008 жылы Ақтөбе облысындағы соттардың шешімдерінің 15 пайызының күші жойылса, биыл бірде бір үкімнің күші жойылған жоқ. Сондай-ақ Жамбыл облысында күші жойылған шешімдер саны 8,6 болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1,7 пайызды құрады. Әрине облыстық соттардың арасында өз қызметін талапқа сай атқара алмай отырғандары да кездесіп қалады. Мысалы Қарағанды облыстық сотында қылмыстық істерді қарау сапасы 3,5 пайызға төмендеп кеткен. Бұл мәселеге қатысты жағдай Павлодар облысында да мәз емес. Аталмыш облыстың шешімдерінің 4,3 пайызының күші Жоғарғы сот тарапынан жойылды. Нақтылы көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, Павлодар облысында міне 2 жылдан бері ағайынды Зариповтардың ісі бойынша нақты бір шешім қабылданар емес. Бұл істі Жоғарғы сот осымен екі рет кері қайтарды. Оның барлығы да облыстық соттардың кемшілігінің салдарынан болып отыр. Соңғы рет қайтарылған кезде ол іс бойынша облыстық сот өкілдеріне қосымша тергеу, тексеру амалдарын жүргізу тапсырылған болатын. Бұдан соң да облыс соты қосымша тексеру шараларын жүргізуі үшін аудандық соттардың қарауына жіберген. Енді қылмыстық іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттың қарауына өтті.

- Кемшілік демекші, ақпарат құралдарында тұрғындардың судьялар мен олардың қызметіне қатысты білдірген сын-пікірлері жиі болмаса да ара-тұра айтылып қалып жатады. Оның үстіне сот қызметкерлерінің этикасына қатысты проблемаларды осы қызметке келгелі өзіңіз де жиі қозғап жүрсіз. Бұл мәселеге қатысты жағдай қалай қалыптасып отыр?

- Рас. Сот қызметкерлерінің беделі біз үшін өте маңызды мәселелердің бірі деп есептеймін. Сондықтан менің өзім осы қызметке келгелі бұл мәселеге барынша мән беріп келемін. Әрине менің Жоғарғы сот төрағасы болып тағайындалғаныма ұзақ уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан, сот қызметкерлеріне барынша қатаң талаптар қойып келемін. Сондықтан да болар, бұл бағытта қазір сот өкілдерінің іс-әрекеттеріне немесе олардың қызметіне қатысты тұрғындардан келіп түсіп жататын арыз-шағымдар азайды. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы олардың саны 2008 жылмен салыстырғанда 9 пайызға кеміді. Оның үстіне қазір әкімшілік жауапқа тартылған судьялар саны да біршама төмендеп отыр. Айталық 2008 жылы 188 судья әкімшілік жауапқа тартылса, биыл олар 151-ге дейін азайды. Ал қызмет бабында жіберген кемшіліктеріне байланысты 2008 жылы 35 судья, алдыңғы жылы 16 судья қызметінен босатылды. Осы ретте айта кететін мәселе, соңғы уақытта сот қазылығында қаралатын істердің саны ерекше өсе түсті. Мысалы 2008 жылы олар 4 судьяға ғана қатысты істі қараса, өткен жылы мұндай істер саны 14-ке жетті. Олардың тағы 4-еуі келесі жылға қалдырып отыр. Аталмыш алқа қараған істердің соңы жылы жабылып қоя салмай, кінәлі азаматтардың ісі бойынша нақты әрі қатаң шешімдер де қабылданды. Мысалы алқа мүшелері қараған істер бойынша 7-і судья лауазымына сай емес деп табылды. Ал 2008 жылы олардың саны небәрі 3-еу болатын. Міне, осылайша облыс соттарының пленарлық отырыстарында сот алқасының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану тәжірибесі қалыптасып келеді. Бұл шараның соттарды өз қызметіне немқұрайлы қарайтын кездейсоқ азаматтардан тазартып, әділ соттың қамтамасыз етілуіне зор үлесін қосары сөзсіз.

Бізде қазір судьяларға қатысты қозғалатын қылмыстық істер саны да біршама төмендеді. Сөйтіп өткен жылы небәрі 5 судьяға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал 2008 жылғы көрсеткіш 17-ні құрайтын.

- Сот саласындағы жемқорлықпен күрес қалай жүріп жатыр?

- Өткен жылы сыбайлас жемқорлық мәселесіне байланысты қылмыстық іс 41 сот қызметкеріне қатысты қозғалды. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2008 жылы бұл көрсеткіш 40 болатын. Қылмыстық істер әдеттегісінше сот орындаушыларына қатысты қозғалып отыр. Бұл мәселенің ара-жігін ашып көрсететін болсақ, жемқорлықпен ұсталуда алдарына жан салмай келе жатқан Шығыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Астана қалаларының сот орындаушыларын атауға болады. Бірден айта кетейік, бізде тәртіптік жаза өте қатал. Соған қарамастан, осындай жағдайлар кездесуде. Мысалы елімізде барлығы 1 мың 791 сот орындаушысы бар болса, оларға қатысты 2 мың 340 азамат тәртіптік жазаға тартылған. Яғни кейбір сот орындаушылары екі реттен жазаланған. Өкінішті, әрине. Бірақ бұл болашақтың үлесіндегі мәселе дегім келеді.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысының тікелей желі арқылы жүргізілген сұхбатында сот саласына қатысты жолданған сауалдардың үштен екісі сот актілерінің орындалмауына және сот орындаушыларының бейқамдығы мен салақтығына байланысты болды. Әрине, егер сот орындаушылары өздеріне жүктелген міндеттерді талапқа сай орындаған жағдайда бұл мәселені Мемлекет басшысына жолдамай-ақ шешуге болар еді.

- Енді болашақ мақсат-міндеттеріңіз жөнінде де айтып өтсеңіз. Осы айтылғандардан қандай нәтиже шығарып отырсыздар ?

- Бұл реттегі біздің басты міндеттеріміз - еліміздің Құқықтық саясат тұжырымдамасы мен судьялардың V съезінде көтерілген мәселелерді жүзеге асыруға жұмылу. Біз сондай-ақ алдағы жылы соттардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ететін, медиацияны енгізу мен азаматтық процессуалдық-заңнамаларды жетілдіруге бағытталған заң жобаларын дайындауға күш саламыз. Бұл мәселелерге байланысты заң жобаларының тұжырымдамалары қазірдің өзінде дайын. Бұл ретте мен облыстық сот өкілдерін аталған құжаттар олардың алдыларына келіп түскен жағдайда оның белсенді түрде талқылануы мен өздерінің беретін ұсыныс, пікірлерін жеделдетіп енгізулерін сұранар едім. Осы орайда айта кететін мәселе: соңғы уақытта күшіне енген қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, азаматтық-процессуалдық сияқты заң талаптарына сәкес, сот өндірісін дамытудың жаңа кезеңі келген сияқты. Енді аудандық соттар алғашқы деңгейдегі сот ретінде Қазақстан Республикасының атынан үкім шағыратын болады. Сондықтан осы үкімдер мен шешімдердің мінсіз болуы үшін аудандық сот өкілдеріне ұйымдастырушылық жағынан да, күрделі мәселелер бойынша істерді қараудағы тәжірибе жағынан да мықты қолдау қажет. Осы сияқты міндеттерді шеше алсақ, біздің сот органдарының тәуелсіздігі де соғұрлым берік болмақ. Оның үстіне бұл еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуі барысында ерекше маңызды болады.

Қорыта айтқанда, біздің болашақ мақсаттарымыз айқын. Енді олардың қаншалықты іске асатындығы біздің өзімізге байланысты. Бұл ретте біздің басым бағыттарымыз бұрынғысынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүзеге асыру болып қала бермек. Сондай-ақ біз сот өкілдерінің әділ сот төрелігін қамтамасыз етіп, сот этикасына сай қызмет етуін қатаң бақылайтын боламыз.

- Әңгімеңізге рахмет !