Биылғы жыл егін егуге қолайлы жыл болады деп болжанып отыр - Ауыл шаруашылығы вице-министрі

АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Көктемгі егін егу жұмыстары үшін 336,2 мың тонна дизель отыны, 50,8 мың тонна бензин және 20,2 мың. тонна дизель майы қажет.
None
None
Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевпен өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Вице-министрдің айтуына қарағанда, көктемгі егісті жанар-жағармаймен қамту мәселесі Энергетика және минералдық ресурстар министрлігімен бірлесіп шешілетін болады. «Сондай-ақ көктемгі науқанға қажетті техниканың дайындығы да қанағаттанарлық деңгейде. Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 7,9 млн. гектарға немесе дәнді дақылды алқаптарының 45 пайызына дән себетін 2 мыңнан астам қазіргі заманғы техникалармен қамтамасыз етілген. Ал былтырғы жылы бұл көрсеткіш небәрі 40 пайызды ғана құраған болатын. Сонымен бірге, биылғы жылы біз егін егуге қолайлы жыл болады деп болжап отырмыз. Өйткені ауа райын зерттеуші мамандардың ақпаратына сүйенсек, еліміздің барлық аймақтарында топырақтың беткі қабатында жатқан күзгі ылғал қоры белгіленген нормадан жоғары болып тұр», деді А. Евниев. Оның айтуынша, биылғы түскен қар мөлшері өткен жылғымен салыстырғанда біршама жоғары болған. Мәселен, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жауған қардың қалыңдығы былтырғы мөлшерден екі есеге дейін жоғары. Сонымен бірге, топырақтың құнарлығын арттыру мен сапасын сақтау мақсатында арнайы бағдарлама да қабылданған. Бұл бағытта жерге қажетті минералдық тыңайтқыштар құнын арзандату шаралары қамтылатын болады. «Жалпы алғанда, биылғы жылы көктемгі егін егу жұмыстарын сапалы әрі тиімді ұйымдастыру үшін барлық жағдайлар жасалды деуге толық негіз бар», деді А. Евниев.
Соңғы жаңалықтар