Биылғы жыл зілтеміршілеріміз үшін ерекше табысты болды - Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы М. Тәпсір

Соған орай, ҚазАқпарат тілшісі ауыр атлетшілеріміздің биылғы жылды қалай қорытындылап, келесі жылы қандай биіктерді бағындыруды жоспарлап отырғандарын білу мақсатында ҚР ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрама командасының басшысы Меңдіхан Тәпсірмен сұхбаттасқан еді.
- Меңдіхан Тәпсірұлы, 2009 жыл да аяқталып қалды, әрбір ұйым, кәсіпорындар жылдық қорытындыларын жасауда. Біздің де сұрағымыз осы төңіректе. 2009 жылы Ауыр атлетика Федерациясы қандай қорытынды жасады? Сіздер үшін биылғы жыл қандай жыл болды, ауыр атлетшілер қандай жетістіктерге жетті?
- Биылғы жыл ауыр атлетшілер үшін өткен жылғыдай табысты да, жемісті жыл болды. 2008 жылы біздің ауыр атлеттер көтерген шыңын, жеткен биігін биылғы жылы да сақтай білді. Өздеріңіз білетіндей, 2008 жылғы Олимпиадада Қазақстан құрама командасы 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль алып, әлемдік ауыр атлетикада 3 орынға табан тіреген болатын. Бірінші орында Қытай, екінші орында Корея, үшінші орында Қазақстан болды. Әлемдік чемпионатта Қазақстан бір сатыға көтеріліп, әлем бойынша 2-ші сатыға көтерілді. Биылғы жылы біздің тілмен айтқанда екі үлкен старт болды. Оның біріншісі ауыр атлетикадан Талдықорғанда өткен Азия чемпионаты. Ол жарысқа әлемнің 27 елінен спортшылар қатысып, Қазақстан ол жарыстан командалық есеп бойынша 1-ші орынға шықты. Онда біздің қазақстандық ауыр атлетшілер 4 алтын, 3 қола медальге ие болды. Жекелей командалық есеп бойынша, қыздар арасында командамыз бірінші орын, ерлер арасында командамыз 3-ші орынды иеленді. Бірінші орынды 95 келі салмақ бойынша, Владимир Седов ұтып алса, 105 келі салмақ бойынша Сергей Истомин екеуі алтын медаль алды. Ал қыздар арасында Светлана Подобедова мен Татьяна Хромова алтын медаль алған болатын. Күміс медальды аса ауыр салмақта Яков Верх алды. Ал Алмас Өтешов күміс медальдің иегері атанды. Осы чемпионатта 63 келі ауыр салмақ бойынша Мая Манеза қоржынға қола медаль салды. Осы жетістіктердің нәтижесінде 4 алтын, 3 қола медальмен командалық есепте екінші орынға ие болдық. Азия чемпионатынан кейін Әлем чемпионатына дайындықтарымызды бастап, жаттығу жұмыстарымызды, қарқынымызды күшейтіп, дайындалдық. Осы аралықтарда өз елімізде, сонымен қатар Түркияда да жарысқа қатыстық.
- Биылғы жылы Әлем чемпионатында өте жақсы нәтижелерге қол жеткіздіңіздер
- Иә, өздеріңіз білетіндей, қараша айының 20-ы мен 30-ы аралықтарында Оңтүстік Кореяда өткен Әлем чемпионатында біздің ауыр атлеттеріміз өнер көрсетті. Біздің елден 9 атлет - Алматы облысынан Зүлфия Чиншанло (58 кг), Мая Манеза (63 кг), Светлана Подобедова ( 75 кг) мен Владимир Седов (94 кг), Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстарынан Татьяна Костенко ( 63 кг), Игорь Вашанов (105 кг) және Татьяна Хромова (75 кг), Владимир Кузнецов ( 77 кг), Қостанай облысынан Светлана Черемшанова ( 53 кг) қатысты. Бұл жарыстан біздің ауыр атлеттеріміз 4 алтын, 1 қола медальмен оралды. Төрт алтын медаль иегерлері - Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло, Владимир Седов және Светлана Подобедова - абсолютті әлем чемпионы атанып, әлем рекордын жасады. Ал Владимир Кузнецов қола медаль алды. Осыған дейін Қазақстанның бірде-бір ұлттық құрамасы олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында бұндай көлемде алтын медальға қол жеткізген жоқ. Сондықтан, біздің ауыр атлетшілеріміздің бұл жеңісі өте үлкен жетістік болып табылады деп есептеймін. Қазақстандық ауыр атлетика тарихында бұл бірінші рет болған үлкен жетістік. Бұған дейін мұндай көрсеткішті Қытай елі көрсеткен болатын. Қазақстан екінші болып рекорд жаңартып отыр. Елбасы бұл жеңісімізге өте үлкен баға беріп, біздің спортшыларымызға арнайы құттықтау хат жолдады. Ел Президентінің құттықтауында айтылғандай, «Бұл - қазақстандық команданың спорттың олимпиадалық түрлері бойынша әлемдік деңгейдегі жарыстардағы тамаша жеңісі». Ол жеңісімізді біз Отандық спортты дамытуға қосқан үлесіміз деп санаймыз. Тағы да бір атап айта кететін жетістігіміз, сол жарыста 129 келіні бағындырғын 16 жасар Чиншанлоның есімі әлемдегі ең жас әлем чемпионы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Оған дейін рекорд көрсеткен жас атлет ретінде 17 жасында Илья Ильин рекордттар кітабына енген болатын. 16 жасар Чиншанло мен Манезаны қарапайым жұрт біле бермейтін, ал қазір қос қызды бүкіл қазақ даласы ғана емес, әлем жұрты таныды. Сонымен қатар, атап өтпесе болмайтын, біздің Светлана Подобедова деген қызымыз 4 рет әлемдік рекордты жаңартты. Одан кейін Владимир Седов та Илья Ильиннің салмағы бойынша чемпион атанды. Сондай-ақ қола медальдің иегері атанған семейлік Владимир Кузнецовтың да жетістігі үлкен деп санаймыз. Кішкентай қызымыз Зүлфия екі-үш жыл бұрын Қытай елінен көшіп келген болатын. Ол осы жылы мамыр айында Таиландта өткен жасөспірімдер арасындағы додада 58 келі салмақта қола жүлде иеленген еді. Осындай жетістіктерімізбен командамыз әлем бойынша 2-ші орынға көтерілді. Мұндай жетістік бұрын ауыр атлетика тарихында болмаған. Ал Қытайдың әйелдер құрамасы командалық есеп бойынша бірінші рет жеңіліс көріп отыр. Мұндай жеңіліс оларда бұрын соңды болмаған. Биыл әлем біріншілігі 20-шы рет өтсе, Қытайдың әйелдер құрамасы командалық есеппен 19 жыл қатарынан жеңімпаз болған еді.
- Келесі жылы ауыр атлетшілеріміз қандай жарыстарға қатысуды жоспарлауда? Командаға қандай үміт артасыз?
- Енді біз 2010 жылы болатын, жазғы Азия ойындарына қатысамыз. Одан кейін 2012 жылы Лондон қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысамыз деп жоспарлап отырмыз. Келесі, 2010 жылы біздің жоспарымызда 3 жарыс бар. Біріншісі Түркияда өтетін әлем чемпионаты. Екінші жарыс Қытай елінде өтеді. Үшіншісі тұңғыш рет 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтетін Олимпиада ойындары. Бұл олимпиадаға қатысу үшін біздің Қазақстан құрама командасы жасөспірімдер арасында өткен лицензиялық әлем чемпионатына қатысып, барлық 4 лицензияны ұтып алды. Жалпы біріншілікке қатысу үшін әр мемлекетке 4 лицензиядан береді, оның екеуі ұлдар, екеуі қыздар арасындағы жарысқа. Біз соның төртеуін де ұтып алдық. Сингапурде өтетін бұл олимпиада ойындарына біздің 4 атлетіміз қатысады. Олардан біз үлкен нәтиже күтеміз. Одан басқа түрлі турнирлер, әлем кубогы кезеңдері, Азия чемпионаттары болады. Оларға да қатысамыз. Бірақ негізгі деген 3 жарыс алдыңғы айтқандарым. Бұларға дайындықты әлден-ақ бастап кеттік. Біздің команда жас команда болып есептеледі. Орта жасы 22 жаста. Сол себепті біздің атлеттеріміздің болашағы зор. Әлі де көптеген жетістіктерін көрсетіп, әлемдік биіктерді бағындырады деген сенімдемін. Оны биылғы жылы көрсетіп отырған нәтижелерінен-ақ байқауға болады, деп ойлаймын. Қазақстан құрамасы ауыр атлетикадан тек әлемдік орынға шықты. Ауыр атлетика бұрын бокс, күрес, велоспорт және тағы да басқа спорт түрлерінен кейінгі орында болса, соңғы жылдары бәрін басып озып, алдыңғы орынға шықты. Өткен жылы да бірінші орында болатын, биыл сол орнын сақтап қалды. Бұның өзі де үлкен жетістік.
- Әңгімеңізге рахмет! Еліміздің байрағын асқақтата берулеріңізге тілектеспіз!