Биылғы жылдың 1-ші тоқсанында елдегі жұмыссыздар саны өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,2 пайызға кеміді
АСТАНА. Сәуірдің 20-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биылғы жылдың екі айының қорытындылары бойынша халықтың жан басына шаққандағы таза орташа табыстары 5 пайызға артып, 71,8 мың теңгені құрады.
Ал орташа айлық 66,4 мың теңге болды. Бұл туралы бүгін биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған үкімет отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің мәліметтеріне қарағанда, биылғы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер біршама өскен. Сәуір айының 1-інен бастап, Елбасының тапсырмаларына сәйкес, бюджет саласындағы жұмысшылардың жалақылары 25 пайызға көтерілді. ««Жол картасын» жүзеге асыру жұмыстары да жалғасуда. Осы уақытта барлық инвестициялық бағыттар бойынша нысандарды жөндеу мен қайта құру жұмыстарына 132 миллиард теңге бөлінді. Сәуірдің 1-іне дейін бұл қаржының 12 пайызы игерілді», деді министр.
Сондай-ақ ол сөзінде жұмыссыздықпен күрес мақсатында жергілікті әкімшіліктер жұмыс берушілермен бірге еңбеккерлердің құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі бойынша тиісті меморандумға қол қойғандығын атап көрсетті. «Жол картасын» жүзеге асыру жұмыстары биылғы жылдың 1-ші тоқсанында жұмыспен қамтылған халық санының артып, жұмыссыздар санының кемуіне мүмкіндік берді. Сөйтіп елдегі жұмыссыздар саны 2009 жылдың 1-ші тоқсанындағы жағдаймен салыстырғанда 57 мың адамға азайып, жұмыссыздық 6,2 пайызға кеміді», деді Ж.Айтжанова.