Биылғы жылдың 6 айында республика бойынша 13 астыртын казиноның қызметі тоқтатылды

АСТАНА. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Заңсыз казино ұйымдастыру жоғары табысты қылмыстық кәсіп болып қалып отыр.

Биылғы жылдың 6 айында республика бойынша 13 астыртын казиноның қызметі тоқтатылды

Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі (қаржы полициясы) Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Заңсыз казино ұйымдастыру жоғары табысты қылмыстық кәсіп болып қалып отыр. Бүгінгі күні қылмыстың бұл түрі өзінің жоғары ұйымдасқандығымен, жасырына білуімен және жаңа технологияларды қолдануымен ерекшеленеді. Ойынға қатысуға тек тұрақты клиенттердің атынан келген адамдар ғана кіргізіледі, ойын мекемесінің орналасқан жерінің маңайына бейне бақылау жүйесі орнатылады»,-деді ресми өкіл.

Биылғы жылдың 6 айында қаржы полициясы органдары республика бойынша 13 астыртын казиноның қызметін тоқтатты.

«Алматы қаласындағы «Сарканд» бизнес орталығында астыртын казиноның қызметі әшкереленді. Онда покер және рулетка ойнауға арналған 11 ойын столы, 4,5 мың АҚШ доллары мен 500 мың теңге табылды. Тексеру кезінде залда 7 ойыншы, 9 диллер, 3 даяшы, бармен және күзетші болған»,- деді М. Жұманбай. Казиноны ұйымдастырушы Епебеков айыппұл төлеуге жауапкершілікке тартылды. Тәркіленген ақшалай қаражат мемлекет пайдасына өтелді.

Сонымен қатар Ақтөбе облысында Шамсутдинов бас бостандығынан 2 жыл шартты мерзімге айыруға сотталды. Ол астыртын казиноның қызметінен 17 млн.теңгеден астам заңсыз пайда тапқан.

Қарағанды облысында азамат Эм мүлкін тәркілеу мен айыппұл төлеуге жауапқа тартылды. Ол 600 мың теңге заңсыз пайданы казиноның қызметінен алған.

«Пайдакүнем кәсіпкерлер қолданып жатқан жасыру іс-шараларына қарамастан, астыртын ойын нүктелерінің қызметі қысқа мерзімде тоқтатылады. Бұл істе аталмыш фактілер туралы қаржы полициясына хабарлайтын азаматтардың үлесі аз емес»,- деді ресми өкіл.