Биылғы жылдың 9 айында Әділет министрлігі көрсететін 22 мемлекеттік қызметті 3 миллионға жуық азамат пайдаланған

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Әділет министрлігі бүгінгі таңда 22 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Ал биылғы жылдың 9 айында осы қызмет түрлерін 3 миллионға жуық азамат пайдаланған.

Биылғы жылдың 9 айында Әділет министрлігі көрсететін 22 мемлекеттік қызметті  3 миллионға жуық азамат пайдаланған

Бұл туралы бүгін Астанада Әділет министрлігі тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметке байланысты өткен семинар барысында Әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев мәлім етті.

Оның деректеріне қарағанда, осы уақытта мемлекеттік органның негізгі қызмет түріне жатпайтын және мемлекеттік орган көрсететін қызмет бойынша төленетін қаржы қызмет көрсетушінің өзінде қалатын ақылы қызмет түрлері бір ізге салынды. «Бұған қоса Үкіметтің 2010 жылғы 7 мамырдағы №393 қаулысымен бекітілген «Жылжымайтын мүлікке және онымен жасалатын мәмілелерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу қызмет стандартында тұрғын үйге жатпайтын нысандардың құқықтарын тіркеу мерзімі 10 жұмыс күніне дейін қысқарды. Ал жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтама және жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама еліміздің барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында 30 минут ішінде электронды форматта беріледі»,-деді министрдің орынбасары.