Биылғы жылдың басында елдің 13 аймағында
strong> Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 2007 жылы басталған "100 мектеп құрылысы" жобасы биыл жылдың басында елдің 13 аймағында аяқталды.
Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан "Жаңа ақпараттық-коммуникациялық ортада қазіргі заман оқулығын дайындаудың және оқу кітабын басып шығарудың өзекті мәселелері" деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"2009 жылы бюджет қаржысымен пайдануға берілген 83 мектептің 38-і «100 мектеп құрылысы» жобасы аясында салынды. Жыл басында жоба елдің 13 аймағында аяқталды. Өзгелері 2010-2011 оқу жылында аяқталады. Үш ауысымдық мектептер саны 16 -ға азайды. Ал оқушылар орнына тапшылық 39 мың орынды құрады. Үш жылда 3385 мектеп интерактивті кабинеттермен жабдықталды. Компьютермен қамтамасыз ету деңгейі 18 оқушыға бір компьютерден келді. Мектептердің 98 пайызы интернетке қосылған. Оның 34 пайызы кең жолақты», дейді Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев. Министрдің айтуынша, былтыр ауылда жұмыс істеуге 5056 педагог барған. Оларға кемінде 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме сыйақы қарастырылды. Биыл баспана алу үшін оның көлемі 630 айлық есептік көрсеткішке дейін деп қарастырылып отыр. Өткен жылы жалпы 80 мың мұғалім білім жетілдіру курсынан өтті. 4-11 сыныптарға - қаржылық сауаттылық, 10-11 сыныптарға - көлік жүргізу пәндері енгізілді. Мектептерде 3675 қамқоршылар кеңесі құрылып, 1457 мектептегі полиция инспекторы лауазымы енгізілді.