Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 1 мың 732 үлескер қатысқан 13 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды - В. Школьник

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник Астана мен Алматы қалаларында үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің жағдайына тоқталды,

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 1 мың 732 үлескер қатысқан 13 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды - В. Школьник
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Үкімет үлестік құрылысты бюджеттен қаржыландырудың кешенді шараларын қабылдады. Тұтастай алғанда бұл мақсатқа республикалық бюджеттен және Үкімет резервінен 23,5 млрд. теңге бөлінді. 2007 жылдың төртінші тоқсанында республикамызда 62 мың үлескері бар 450 тұрғын үй кешенінің құрылысы салынып жатты. Содан бері бүгінде 23,4 мың үлескері бар 176 кешеннің құрылысы аяқталды. Оның ішінде әкімдіктердің жедел мәліметтері бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында 1 мың 732 үлескер қатысқан 13 нысан салынып бітті», - деді өз сөзінде В. Школьник.Оның айтуынша, 2009 жылғы қаңтардың 1-де 44 мың үлескер қаржы салған 251 нысан тіркелген. Бұл үлескерлердің 24,1 мыңы - Астанада, 12,4 мыңы - Алматыда. Үлескерлердің проблемасын шешетін тетіктер түгелдей анықталды және қажетті бюджет қаржысы бөлінді, деген министр Астана мен Алматыдағы жағдайға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, Астанада үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан 123 нысанның 42-сі дайын болып қалған. Бұларда 23 мың 146 үлескер бар. 1 мың 267 үлескері бар 5 нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде 2 нысан әкімдіктің пәтерлерді сатып алу тетігі арқылы, 2 нысан үлескерлердің өз қаржысына, ал 1 нысан «Самұрық-Қазына» қорының қаржыландыруы арқылы аяқталған. Сондай-ақ «Еуропалық» тұрғын үй кешенінің бірінші кезегі пайдалануға берілген. Бұл нысанның құрылысын «Жаңа құрылыс« ЖШС жүргізуде. В. Школьник Алматыда 11 мың 965 үлескер қатысатын 59 нысан барын, наурызда үлескерлердің өз бетімен тұрғызған 2 нысан, «Самұрық-Қазына» қорының қаржыландыруымен 1 нысан пайдалануға берілгенін айтты. «Апта сайын мониторинг жүргізілуде. Іс жүзінде барлық нысандарда құрылыс жүріп жатыр», - деді министр. Бұдан бөлек ол ел аймақтарындағы үлескерлік нысандардың жағдайына да тоқталып өтті.