Биылғы жылдың диқандар үшін үшін табысты болуына мүмкіндік мол ? А. Күрішбаев

АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ағымдағы жылы ылғалдың мол болуы дәндік дақылдардан мол өнім алуға жол ашпақ.

 Биылғы жылдың диқандар үшін үшін табысты болуына мүмкіндік  мол ? А. Күрішбаев
Қарағанды облысына сапары барысында журналистердің сауалдарына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, әзірге елімізде қаншалықты мөлшерде астық жиналатындығына болжам жасау ерте. Алайда, көктемнің шаруашылық адамдары үшін қолайлы болуы және жердегі ылғалдың маусым айының соңына дейін жететіндігі көңілге демеу. «Оның үстіне қазір ауа райын болжаушылар маусымның соңы мен шілденің басы жауынды болады деп бағамдауда. Яғни, бұл биылғы жыл шаруашылық адамдары үшін табысты болады деген сөз. Ал астықтың бағасына келетін болсақ, қазір артқандығы байқалуда. Дегенмен бұл мәселеге де кесіп-пішіп болжам жасауға болмайды. Ол үшін бізге Ресей, Украина, АҚШ және Канада сияқты елдердегі астықтың қаншалықты мөлшерде жиналатындығын нақты білу қажет», - деді министр. Сонымен қатар астықты экспорттау мәселесіне тоқталған ол: «Бидайды эскпортқа шығару үшін оның сапасы жоғары болуы керек. Оған қол жеткізу үшін шаруашылықтар агротехнолоогияларды талапқа сай жүзеге асырулары қажет. Бұдан бөлек қазір ғалымдар Қарағанды облысының негізгі егін алқаптарын алып жатқан шөл және шөлейтті жерлердегі астықты себу мерзімін маусымның 5-іне дейін аяқтау керек деп отыр. Олардың болжамдарынша, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан сияқты облыстарда егін науқаны мамырдың 30-ына дейін аяқталуы тиіс», - деді А.Күрішбаев.Сонымен қатар биыл елімізде ылғал сақтау технологиясын қолданып отырған шаруашылықтар санының артып отырғандығын тілге тиек еткен министр былтырғы жылы аталмыш технология 8,6 миллион гектар алқапқа қолданылса, биыл оның 10,2 миллионды қамтығандығын атап өтті. «Аталмыш технологияға қазір Қарағанды облысының ірі шаруашылықтары ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл дегеніңіз, таяу уақытта осы аймақтағы астықтың өнімділігі мен сапасы артады деген сөз», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.