13:05, 11 Мамыр 2010 | GMT +5
Биылғы жылдың қаңтарында инфляцияның өсу себебі негізінен өткен жылдың жаз айларында ақша массасының артуынан орын алды
АСТАНА. Мамырдың 11-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылғы жылдың қаңтар айында инфляцияның 1,4 пайызға өсуі себебі негізінен өткен жылдың жаз айларында ақша массасының артуынан орын алды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2009 жылдың қаңтары мен 2010 жылғы сәуірі аралығындағы инфляциялық үдерістер динамикасының алдын ала талдауының көрсеткіші бойынша, биылғы қаңтарда инфляцияның 1,4 пайызға өсуі негізінен 2009 жылдағы маусым-шілдеде ақша массасының 14 пайызға артуынан орын алып отыр. Яғни, бұл кезеңде экономикаға дағдарысты еңсеру тұрғысында тиісті көлемде қаржы құйылған болатын»,-деді министр. Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, экономикадағы ақша массасының өсімі баға деңгейіне 7 айға дейін әсер етеді.
«Азық-түлік және азық-түлік шикізатына әлемдік бағаның артуы, сондай-ақ жеміс-жидек және көкөніс өнімдеріне бағаның маусымдық жоғарылауы инфляция өсіміне ықпал ететін себептердің бірі»,-деді Ж. Айтжанова.