Биылғы жылдың соңына дейін Астанада 99 нысан салынып бітеді ? Үкімет басшысы
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - Биылғы жылдың басынан бері мемлекеттік қолдаудың түрлі арналары арқылы 1,5 мыңдай үлескердің проблемасы шешілді. Астананың өзінде ғана 2009 жылдың соңына дейін 99 нысан салынып бітеді.
Сөйтіп 17 мыңдай үлескер пәтерлерін алады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Премьер-Министрдің мәліметтеріне қарағанда, Алматы қаласы бойынша екі жылда 82 нысанды аяқтау жоспарланып отыр. «Негізінде «Самұрық Қазына» қоры арқылы Астанада мемлекеттік қолдауды қажет ететін 36 нысанның 32-сі, Алматыда салынатын 62 нысанның 54-і аяқталатын болады. Басқа нысандар бойынша тиісті шешімдер таяу уақытта қабылданады», - деді ол. Халыққа бұрын берілген ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру үшін банктерге 120 млрд. теңге мөлшерінде қаржы бөлінген.