Биылғы жылдың соңына дейін Қазақстандағы барлық мұнай кәсіпшіліктеріндегі ілеспе газды пайдаға асыру шаралары аяқталады
САНКТ-ПЕТЕРБОР. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ - Үстіміздегі жылдың соңына дейін Қазақстандағы барлық мұнай кәсіпшіліктеріндегі ілеспе газды пайдаға асыру шаралары аяқталады.
Бұл туралы Петерборда өткізілген Нева экологиялық конгресі кезінде ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшім айтты.
Оның айтуынша, Қазақстанда экологиялық тәртіпті нығайту үшін өнеркәсіптік кәсіпорындарда қордаланып қалған қалдықтардың барлық түрлеріне ақы төлеуді заңдастыру жоспарланып отыр.
Министр сонымен қатар, Қазақстанның Киото хаттамасы бойынша міндеттемелеріне сәйкес, қазіргі уақытта парниктік газдардың ауаға таралуын 2020 жылға дейін 15 пайызға, 2050 жылға дейін 25 пайызға азайтудың жобасы жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.
Н.Әшім атап өткендей, қазіргі уақытта Қазақстанда Таза технологиялар халықаралық қорының қолдауымен энергия үнемдеу технологияларын енгізу мен энергия тиімділігін арттыруға байланысты бірқатар экологиялық жобалар жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны шамамен 1 млрд. долларды құрайды.
«Қазірдің өзінде шамамен 300 млн. доллардың алғашқы бағдарламалары жүзеге асырылды», - деді министр.