Биылғы жылғы мектеп бітірушілер үшін тест тапсыру уақыты жарты сағатқа ұзартылып, оқуға түсу балы 50-ге дейін көтерілді - Білім және ғылым министрі

АЛМАТЫ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Биыл 2010 жылы 138 162 мектеп бітірушінің 110 118-і өтініш білдіріп, Ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Тестілеу маусымның 4-10-ы аралығында 154 пункте өткізіледі. «Алтын белгіге» 3 662 түлек үміткер.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматыда ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты өткізілген арнайы брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, пункттер 49 қала мен 105 аудан орталықтарында орналасып, тест тапсырушы түлектер 7 лекке бөлінеді. «Бір лектегі оқушылар 800-ге дейін азайтылды. Бұл ҰБТ-ны неғұрлым ыңғайлы жағдайда тапсыруға мүмкіндік береді», деп атап өтті ол.

Ол сонымен қатар, биыл ата-аналардың ұсынысымен тест тапсыру уақыты жарты сағатқа ұзарғанын айтты. «Өткен жылдары 3 сағат болса, енді тестілеу уақыты 210 минут, яғни 3,5 сағат өтетін болады. Мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін және республикамыздың жоғарғы оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін кем дегенде 50 балл жинауы тиіс. Ал, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 55 балл жинауы керек. Эксперттер мен ғалымдардың пікірінше, білім сапасын көтеру үшін оқуға түсу балын 60-қа дейін көтеру керек», деді министр.

Брифинг барысында министр сондай-ақ, ҰБТ-ның балын аттестаттың бағасына ауыстыру шкаласы өзгергенін айтты. «Егер мектеп бітіруші бір пәннен 0-3 балл жинаса, «қанағаттанарлықсыз», ал 4 және одан жоғары балл жинаса оңды көрсеткіш болып табылады», деді ол.

Биыл сонымен, ҰБТ 5 пән бойынша, оқыту тілі (қазақ немесе орыс тілі), Қазақстан тарихы, математика, таңдау пәні, сондай-ақ, орыс тілінде оқытатын мектептердегі - қазақ тілі, қазақ тілді мектептердегі - орыс тілі пәндері бойынша өткізіледі. Әр пән бойынша тапсырмалардың саны -25, ал бес пән бойынша барлығы 125 сұрақ ұсынылатын болады. Жылдағыдай, тест тапсырмаларын бағалау кезінде бірыңғай талаптарды сақтау және даулы мәселелерді шешу, ҰБТ-ға қатысушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Республикалық комиссия және әрбір ҰБТ-ны өткізу пуктінде апелляциялық комиссия құрылады. Тапсырмалардың мазмұны және техникалық себептерге байланысты өтініштер тестілеудің қорытындысы шыққаннан кейін келесі күні сағат 13.00-ге дейін қабылданады. Өткізілу барысын бақылау үшін облыстардың, Астана және Алматы қалаларындағы білім басқармалары жанында арнайы штабтар құрылатын болады. Олардың жұмысын ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанындағы республикалық штаб үйлестіреді.

Жиын соңында министр, биыл да тест сұрақтарына сәйкес келмейтін жалған тесттерді сату арқылы ақша тауып жүретін алаяқтардың алдауына тап болып қалмаңыздар деп ескертті.

Соңғы жаңалықтар