Биылғы жылы Астана қаласы бойынша 6 мың жер телімін беру жоспарланып отыр
АСТАНА. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биылғы жылы Астана қаласы бойынша 6 мың жер телімін беру жоспарланып отыр.
Бұл туралы бүгін BNews.kz порталында өткен интернет-конференция барысында Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының орынбасары Қаналбек Райымбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, биылғы жылғы наурыз айының 1-індегі мәліметтер бойынша Астана қаласы бойынша жер алу үшін кезекте 76 мың 558 азамат тұр. «Жер телімдерін қалалық әкімдік қаланың Бас жобасына сәйкес үлестіретін болады. Ал кезек ретін қадағалауды біз де, құқық қорғау органдары да жүзеге асырып жатырмыз. Бұл - өте күрделі мәселе. Сондықтан мен қалада кезектен тыс біреуге жер берледі деп ойламаймын», деді агенттік төрағасының орынбасары тұрғындардың сауалдарына жауап бере келе.
Оның сөзіне қарағанда, агенттік өкілдері жер телімдеріне алам деушілердің тізімін 2007 жылдан бері жүргізіп келеді. «Жалпы 2005 жылдан бері елде 2 мың 276 жер телімдері берілді», деді Қ.Райымбеков.