Биылғы жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша 67 орын ауыл жастарына квота ретінде ұсынылады
АСТАНА. Маусымның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Биылғы жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша 67 орын ауыл жастарына квота ретінде ұсынылады.
Бұл туралы бүгін Қазақстан Президентінің 2010 жылғы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Стратегия департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы, «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер арасындағы ауыл жастарына, мемлекеттік қызметшілерге, ғылыми және педагог қызметкерлеріне квоталар қарастырылып келеді. Бұдан бөлек, ауыл жастарына конкурс барысында бірқатар жеңілдіктер де көзделеді. Мәселен, шет тілін білу деңгейі бойынша қойылатын талап басқаларға қарағанда ауыл балаларына төмендеу. Атап айтқанда, квота шеңберінде техникалық мамандыққа баратын, бакалавриат бойынша конкурсқа қатысатын барлық азаматтарға шет тілін меңгеру үшін емтиханды 5-ке тапсыру қажет болса, ауыл балалары үшін 3 алу да жеткілікті. Сонымен бірге, ауыл балалары конкурстан өтіп, стипендиант атанатын болса, шет елде бір жылдық тіл курсынан өтеді. Содан кейін ғана негізгі оқуын жалғастырады», деді А. Абылайхан.
Оның айтуынша, былтырғы 2009 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша 47 адам ауыл балаларына арналған квотаға ілініп, стипендиант атанған. Бұл барлық стипендианттардың 12 пайызын құрайды. «Биыл 1 мың 7 орынның 67-ісі ауыл балалары үшін квота ретінде қарастырылуда», деді А. Абылайхан.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін, маусымның 7-сінен бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін құжаттарды қабылдау басталды. Құжаттарды қабылдау Астана және Алматы қалаларында жүргізіледі. Іріктеу ережесі, басым мамандықтар мен қажетті құжаттар тізбесі, үміткерлердің қосымша сауалнамалары, сондай-ақ конкурс бойынша қосымша ақпарат «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның www. edu-cip.kz ресми сайтында орналастырылған.