Биылғы жылы индустриялық-инновациялық даму аясында бірқатар жобалар іске қосылады

АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ағымдағы жылы индустриялық-инновациялық даму аясында бірқатар ірі жобалар іске қосылады.

Биылғы жылы индустриялық-инновациялық даму аясында бірқатар  жобалар іске қосылады
Бұл туралы бүгін Үкіметте өтіп жатқан селекторлық кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бүгінде еліміздегі жүзеге асырылып жатқан жобаларды жүйелендіруге байланысты тиісті жұмыстар атқарылғанына тоқталған Ө. Шөкеев, «жалпы елімізде 12 трлн. 73,5 млрд. теңгенің 392 жобасы жүзеге асырылуда. Олардың ішінде біз негізгі үш топты белгілеп отырмыз. Біріншісін Индустрия және сауда министрлігі, жергілікті атқару органдары, облыстардағы өнеркәсіптік-кәсіпкерлік департаменттер арқылы қадағалаймыз. Бұл жобалардың блогына 3 трлн. 37,4 млрд. теңгенің 215 жобасы енгізіліп отыр. Осы жобаларды жүзеге асыру барысында 41 мың жұмыс орны жасақталады. Екінші топқа ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы жобалар кіреді. Онда 86,6 млрд. теңгенің 132 жобасы іске асырылуда. Бұл бағытта 5,5 мың жұмыс орны құрылады», - деді. Осылардың ішінде 2009 жылы іске қосылатын жобалар белгіленгенін жеткізген Ө.Шөкеев, «Бірінші блок бойынша 674,2 млрд. теңгенің 124 жобасы биыл жүзеге асырылады. Сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу тобынан 28,7 млрд. теңгенің 84 жобасы іске қосылады», - деді. Сонымен қатар Премьер-Министрдің бірінші орынбасары агроөнеркәсіптік кешенін қолдау аясында «ҚазАгро» желісі арқылы 11 бағыт бойынша жоғары технологиялық жаңа жобалар жүзеге асырылатынын айтып өтті. «Өткен жылы біз 30 корпоративтік көшбасшы бағдарламасы бекітілгенде 45 озық жобаны белгіледік. Оның ішінде біреуі 2007 жылы, алтауы 2008 жылы іске қосылды. Ал 2009 жылы 12 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр», - деді Ө. Шөкеев.