Биылғы жылы Қазақстанға сырттан келетін жұмысшылар саны 65 мыңға ұлғайтылды
АЛМАТЫ.Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Қазақстанда 10 мың адамның 700-і студент. Бұл әлемдегі ең үздік көрсеткіш, деді бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстандық IV инвестициялық саммит барысында Қазақстандық мұнай және газ институтының атқарушы директоры Жақсыбек Күлекеев.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіш Еуропа елдерімен салыстырғанда екі есеге жоғары. «Бұл бір жағынан жақсы болса, екінші жағынан мамандар дайындауда бірқатар қиындықтар тудырып отыр. Шешімі табылуы тиіс мәселелер көп. Меніңше, оны Батыс елдерімен әріптестік пен мықты бәсекелестік арқылы жүйелі түрде жоюға болады », деді Ж.Күлекеев.
Оның айтуынша, білім саласындағы өзекті мәселенің бірі кәсіби жұмысшы мамандарды дайындау. «Қазіргі таңда еліміз қарқынды дамуда. Бұл өз кезегінде жұмысшы мамандығына сұранысты арттырып отыр. Шет елдік инвесторлар сырттан маман жұмысшылар алып келу квотасын арттыруға құзырлы органдарға жиі өтініш білдіреді. Нәтижесінде елімізде шет елдік жұмысшылар саны артып отыр. Биылғы жылы сырттан келетін жұмысшылар саны 65 мыңға ұлғайтылды», деді Ж.Күлекеев.
Қазақстандық мұнай және газ институтының атқарушы директоры көтерген мәселенің бірі - мектеп бітірген жастардың орта арнаулы мамандықсыз еңбекке араласуы. «Қазақстанда мектеп түлектерінің 20-35 пайызы (40-75 мың адам аралығында) еңбек нарығына ешқандай кәсіби білімсіз, ешқандай тәжірибесіз келеді. Соның салдарынан жұмыссыздар саны артып отыр. Бұл да өзекті мәселе. Сондықтан орта арнаулы білім беру саласын жетілдіру қажет. Сонымен қатар білім беру ұйымдары мен ірі өнеркәсіп орындарында әлеуметтік әріптестік жоқ. Мысалы, мұнайгаз жобалары бойынша зерттеу жүргізіп көргенде байқағаным, «Қашаған» мен «Теңіз» жобаларына 10-15 мың аралығында жұмысшы мамандар керек. Алайда құжат жүзінде қажеттілік жоқтығы көрсетілген. Бұл әріптестік қатынастың жоқтығын байқатады», деп атап өтті Ж.Күлекеев.