Биылғы жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 1,1 пайызды құрайды - ҚР Статистика агенттігінің болжамы
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Биылғы жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 1,1 пайызды құрайды деп жоспарлап отырмыз. Бұл туралы бүгін ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смаилов апталық брифинг барысында мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Былтыр жалпы өндірілген өнім 101 пайызды құрады. ЖІӨ-нің деңгейіне қатысты толық ақпарат статистикалық жұмыстардың қорытындысын шығарған кезде, ақпанның 16-сы күні белгілі болады. Біз ЖІӨ-нің 1,1 пайыз өсімі болады деп жоспарлап отырмыз», деді А. Смаилов.
Оның атап көрсеткеніндей, былтырғы жылдың ЖІӨ-нің 1 пайызға дейін өсім көрсетуіне бірқатар салалардың қарқынды дамуы әсер еткен. Мәселен, алдыңғы жылға қарағанда, былтыр ауыл шаруашылығы 13,8 пайызға, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,7 пайызға өскен. Сонымен қатар ғылым және білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару, қызмет көрсету, байланыс сынды салалардың көрсеткіштері жоғарылаған.