13:27, 14 Мамыр 2009 | GMT +5
Биылғы жылы оқу орындарының 190 мыңнан астам түлегі еңбекпен қамту мәселесі бойынша мемлекеттің қолдауын қажет етеді
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылғы жылы оқу орындарының 190 мыңнан астам түлегі еңбекпен қамту мәселесі бойынша мемлекеттің қолдауын қажет етеді.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Нұр Отан» ХДП депутаттарының форумында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Басты назар халықтың мақсатты топтарына бөлінетін болады. Қазіргі жағдайда олардың қатарында бірінші кезекте жастар мәселесі ескеріліп отыр. Оқу орындарының 190 мыңнан астам түлегі биылғы жылы еңбекпен қамту мәселесі бойынша мемлекеттің қолдауына мұқтаж болады»,-деді министр.
Оның айтуынша, осыған байланысты халықты еңбекпен қамтуда әлеуметтік жұмыс орындарын құру және мақсатты топтар үшін жастар тәжірибесін қолдану маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 8,6 миллиард теңге бөлінді. Осы арқылы 96 мың адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, оның ішінде жастар тәжірибесі бойынша 34 мың адам қамтылады.