Биылғы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде сегіз оқушы - 125 балл жинады
АСТАНА. Маусымның 11і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Биылғы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары - 125 баллды сегіз оқушы жинады.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ең жоғары көрсеткішке ие болған түлектер ? Шынар Аманғалиева мен Арайлым Нұрабай (Батыс Қазақстан облысы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп), Ақниет Байбозтегі (Маңғыстау облысы Бейнеу мектебі), Абылай Жексенбаев (Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернаты), Жадыра Есенаева Солтүстік Қазақстан облысы Чириков мектебі), Арай Қожамұратова (Талдықорған қаласы №20 мектеп), Анна Меньшова (Алматы қаласы №21 гимназия) және Сәбира Хасенова (Жамбыл облысы Мерке ауданы №17 мектеп). Естеріңізге сала кетейік, былтырғы жылғы ҰБТ-да ең жоғары баллдарды тек екі оқушы ғана жинай алған болатын.Биыл 100 баллдан жоғары нәтижені 11 мың 374 (10,07 пайыз) түлек көрсете алса, жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін 45 баллға 15 мың 476 (14,45) оқушы қол жеткізе алмаған. Министрдің айтуынша, маусымның 4-10-ы аралығында өткен ҰБТ
мемлекеттік комиссиялар мен министрлік өкілдерінің жіті қадағалауымен 154 тестілеу пункттерінде (49 қалада, 105 ауылдық жерлерде орналасқан) өтті. Тестілеу пункттеріне 154 аппеляциялық комиссияның төрағалары, 154 программашы және министрліктің 270 өкілі жіберілді. Тестілеу барысын қадағалауға сондай-ақ ата-аналар, бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен 2 бақылаушыдан қатыстырылды.