Біз алмаған әлі 5 жолдама бар - Ғалымбек Кенжебаев Бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирі туралы қысқаша пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біз алмаған әлі 5 жолдама бар -  Ғалымбек Кенжебаев Бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері

«Өздеріңіз білесіздер, соңғы өзгерістерге байланысты Олимпиадаға бұрынғыдай 10 салмақта емес, 8 салмақта барамыз. Дәл қазіргі көрсеткіш бойынша біз 8 лицензияның үшеуіне иелік еттік. Алда әлі 5 жолдама бар. Сондықтан, 3 лицензияға бола қуануға әлі ерте. Жоспар бойынша бұл Азиялық іріктеу турнирінен кемінде 6 Олимпиада жолдамасын алып қайтуды мақсат еткенбіз. Жалпы, «арық айтып семіз шыққанды» жақсы көреміз ғой. Мақсат орындалды деп айта алмаймыз. Жарыс аяқталған жоқ, әлі де жолдамадан үміттіміз», - деді бас бапкер ҚазАқпарат тілшісіне әлеуметтік желі арқылы жауап беріп.

Естеріңізге сала кетейік, қазақ боксшылары бүгін Токио Олимпиадасына үш жолдама жеңіп алды. 69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов , 81 келі салмақта Бекзат Нұрдәулетов , 91 келі салмақта Василий Левит аталмыш турнирде қарсыласын жеңді.