16:22, 18 Қаңтар 2011 | GMT +5
Біз Азия ойындарында спортшыларымызға тек жеңіс тілейміз - Е.Тарасенко, Мәжіліс депутаты
ОРАЛ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Еліміздің бас қалалары Астана мен Алматыда өтетін 7-Қысқы Азия ойындарының ашылуына аз ғана уақыт қалды. Бұл күндері Қазақстанның қай қаласына бармаңыз, бәрінде де адамдар көтеріңкі көңіл-күймен, мерекедегідей қарсы алады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко айтты.
Оның айтуынша, еліміздің Азия құрылығының бас жарысын өткізу құрметіне ие болуы - Тәуелсіздіктің, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасы. «Бүгін Орал қаласында Азия ойындары алауын алып жүру салтанатын көріп, ерекше сезімге бөлендім. Шын мәнісінде Ақ Жайық төрінде Азиада алауы алғаш рет лаулап отыр. Бұл болашақта олимпиада алауына бастасын дейік. Ал алдағы Азия ойындарында спортшыларымыздың бәріне тек жеңіс тілейміз. Қазақ елінің намысын абыроймен қорғап, Әнұранын орындатып жатса, одан артық бақыт та жоқ», - деді Е.Тарасенко.