Біз бәрібір Президент өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумды өткіземіз деп ойлаймын -Айткүл Самақова
АЛМАТЫ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгінге дейін Президент өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізу бастамасын қолдап, 3 миллионнан астам қазақстандық қол қойды.
Сондықтан, біз бәрібір референдумды өткіземіз деп ойлаймын. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айткүл Самақова Алматыда өткен «Нұр Отан» ХДП Медеу аудандық филиалының есептік-сайлау конференциясында осылай айтты.
«Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз референдум өткізуді қолдамайтындығын білдірді. Алайда, біздер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Елбасымыздың өз ісін әрі қарай жалғастыра беруін қалаймыз. Президентімізбен бірге әлі талай жетістіктерге жетеміз деп ойлаймыз», - деді А. Самақова.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты сөзін ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов та қостады. «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Кеңес Одағы заманында да белгілі тұлға болатын. Сол беделін кейін де жоғалтқан жоқ. Қазіргі таңда Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу ең тиімді жол деп санаймын. Қазақстандықтар да бұл бастаманы толықтай қолдап отыр», - деді ғалым.