Біз бірлігімізбен, ынтымағымызбен мықтымыз - Данильбек Саратов

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Біз бірлігімізбен, ынтымағымызбен мықтымыз. «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Данильбек Саратов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Біз бірлігімізбен, ынтымағымызбен мықтымыз - Данильбек Саратов

Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Оралда өткен мерекелік шеруге қатысқан Данильбек Саратовтың айтуынша, елімізде сан ұлт өкілдері жарасымды, тату-тәтті өмір сүріп келеді.

- Осы орайда Ассамблея Қазақстанда бірлік пен ынтымақты нығайтуға ұйытқы болып келеді, - деді Данильбек Әлиұлы

- Оны таяуда елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясында тағы бір мәрте айқын сезіндік. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл тарихи сессияның бір ерекшелігі - оған Елбасымен бірге еліміздің қазіргі Президенті тұңғыш рет бірге қатысты. Ассамблеяны өз қолымен құрып, оны үзіліссіз басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тебірене сөйлеп, бәріміз де адамбыз ғой, соңында көзіне жас та алды. Алдымызға жаңа міндеттер қойды. Сөйлеушілер де қысқа да нұсқа айтты. Біз сессиядан тың күш-жігермен оралдық. Рухани жаңғыру бағытында көп жұмыс жасауға тиістіміз. Әсіресе, жеткіншек ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан озық салт-дәстүрлерімізді аманат етуіміз керек.

- Бұл сессияның тағы бір ерекшелігі, мемлекеттік тілді жетік меңгерген түрлі ұлт өкілдерінің көбейіп келе жатқанын көрсетті. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

- Әрине, қазақ тілін білудің маңызы зор. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жеті жыл ішінде мемлекеттік тілді меңгермесек, ол өзіміз үшін қолайсыз деп ойлаймын. Қазақтай кең пейілді халықтың ортасында өмір сүре отырып, оның тілін білмеу сыйламаудың көрінісі болып шығар еді. Бізге, Елбасымыз айтқанындай, қазақ және орыс тілдерін білу керек. Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес бірдей өңірімен шектеседі. Сондықтан күн сайын дерлік Ресейге сапарлап шығып жатамыз. Орыс тілін білмесек, қалай жүреміз? Оған қоса өз тіліміздің де жөні бөлек.

- «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы да облыстағы түрлі шараларға белсене қатысатын болар?

- Иә, оған сөз бар ма! Біздің өңірде статистикалық мәліметтерге қарағанда, 500-600-дей шешен-ингуш тұрады. Әрине, бұдан да көп болғанын қалар едік. Халық санағынан кейін дәл айтуға болатын шығар. Біз, вайнахтар, ешқашан бөлінбеген бір халықпыз. Өз тілімізді, салт-дәстүрімізді сақтауға Оралда толық жағдай жасалған, Достық үйінде жиі бас қосып тұрамыз, түрлі шараларды өткіземіз. Алда кезектен тыс президенттік сайлау келе жатыр. Оған да бір кісідей қатысып, өзіміз қалаған кандидат үшін дауыс береміз деп ойлаймын.

- Осыдан 75 жыл бұрын, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде шешен-ингуш халқын Қазақстанға күштеп жер аударғаны белгілі. Сіздің халықтың тарихындағы бұл қасіретті кезең де естен кетпейтін шығар?

- Иә, ол кезең еш уақытта ұмытылмайды. Өзі де соғыс нәубетін басынан кешіріп жатқан қазақ халқы шешен-ингуштарды құшақ жая қарсы алып, бауырына басты. Соның арқасында тірі қалдық. Соның арқасында шешен-ингуштар Қазақстанда өз орнын тауып, лайықты өмір сүруге қолдарын жеткізді. 13 жылдан кейін көптеген қандастарымыз қайта көшіп кетті. Қазақстанды Отаны санап, қалғандары аз емес. Әкем өзінің мәңгілік мекенін осы жерден тапты. Өзім және балаларым - қазақ жерінде дүниеге келдік. Қазір ел қатарлы тұрып жатырмыз, ешкімнен кем емеспіз. Қазақ бауырларымызбен, басқа да ұлт өкілдерімен мидай араласып кеттік. Өзге ұлт өкілдерімен құдандалас, туыс та болып жатырмыз. Осының бәрі - бірлік пен татулықтың арқасы. Біз қазақ халқына әрқашанда ризамыз, мұны ұрпағымызға да үнемі айтып отырамыз.

- Соңғы сауал, бірнеше күннен кейін қасиетті Ораза айы басталады, өзіңіз ұстайтын шығарсыз?

- Біздің қоғам мүшелерінің бәрі ораза ұстайды, намаз оқиды. Барлық мұсылман бауырларымызды Рамазан айымен құттықтап, осы айды Аллаға құлшылық етіп, лайықты өткізуге сенім, ерік-жігер мен төзім тілеймін.